Ерлан Қошанов «Amanat» партиясының төрағасы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қошанов «Amanat» партиясының төрағасы болды

26.04.2022

Ерлан Қошанов «Amanat» партиясының төрағасы болып сайланды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төраға ретінде өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Президент бұл қадамның символдық мәні бар екенін атап өтті. Себебі Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Бүгінгі өзгерістер «Аmаnаt»-тың заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашады. Партия елімізді өркендетуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ жиындағы елеулі жаңалықтардың бірі «Adal» партиясы «Amanat»-қа қосылды. Президент жаңа Қазақстанды құрамыз десек – елге жанашыр, қоғамдық саяси күштердің бәрі жұмылуы керек деп айтты. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан «Adal» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын, деді Мемлекет басшысы. Еске сала кетсем, «Adal»-дықтар 16-наурыз күні, яғни Мемлекет басшысының жолдауынан кейін бірігу жөнінде бастама көтерген болатын. 

Хабарламаларға жазылу