Аудандағы газет басылымдарын дамыту, көпбалалы аналарға және кәсіп бастағысы келетін жастарға мемлекеттік көмекті күшейту керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровпен кездескен Талғар тұрғындары осындай бұйымтайларын айтты. Жиында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту мәселесі және БАҚ заңнамасына енгізілетін өзгерістер талқыланды.
46 ауылды түйістірген Талғар - бүгінде облыстағы ең маңызды аудандардың бірі. Халық санымен қатар экономикасы да қарыштап өсіп келеді. Министрмен кездесуге келген жұртшылықтың қарасы қалың. Асқар Омаров тұрғындарды алдымен минстрліктің атқарып жатқан маңызды жұмыстарымен және алға қойған міндеттерімен таныстырды.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Министрлік азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру, волонтерлік қызмет сынды бағыттардағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Тұрғындар аудандағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту мәселесі туралы да сұрады. Айтуларынша, бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай жатыр.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Сіздің осы жеке жергілікті мәселеңіз жайлы аудан әкімдігі біле ме? Аудан әкімі, сіз білесіз бе осы мәселені? Байланыста болдыңыз ғой?!
Аудан әкімінің сөзінше, қазір Талғарда 3 көпқабатты үй салынып жатыр. Алдағы уақытта тағы 9 қабатты екі баспана тұрғызылады. Оған мемлекеттен тиісті қаражат бөлінген. Кезекте тұрғандардың арасында жетім балалар да бар. Жиын барысында жастардың кәсіп ашуына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері айтылды. Сондай-ақ ақпарат саласына қатысты заңнамаға енетін өзгерістер талқыланды.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Облыстық билік облыстық әкімшілік ондай сараптаманы жасап, Үкіметке ұсыныс беру қажет. Біз өз тарапымыздан зерттеу жасаймыз.
Жалпы кездесуден кейін министр Асқар Омаров азаматтарды жеке қабылдады. Талғардың әр тұрғынының мәселесі жіті қаралатынын жеткізді.
Нұрсұлтан Тілектесов