Қасым-Жомарт Тоқаев Эммануэль Макронды президенттік постқа қайта сайлануымен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы мен өз атынан Эммануэль Макронды президенттік постқа қайта сайлануымен құттықтап, оған қажымас қайрат пен жауапты қызметте сәттілік тіледі. Және де Мемлекет басшысы Макронды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Макрон Францияда жексенбіде өткен екінші турда жеңіске жетті. Ол қарсыласы Марин Ле Пенді еш күмәнсіз ұтып отыр. Макронға халықтың 58 пайыздан астамы дауыс берсе, Ле Пенді қолдағандар 41 пайыз ғана. Осылайша Елисей сарайының қожайыны соңғы 20 жылда қайта сайланған алғашқы президент атанып отыр. Ол енді Францияны тағы 5 жыл басқарады. Ал, Еуропа одағы лидерлері бесінші республикада оңшыл үміткердің жеңіліп, Макронның жеңгені жайлы жаңалықты қошеметпен қабылдады.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
Рахмет достар, рахмет отандастар. Осындағы және шеттегі азаматтарымызға алғыс айтамын. Өйткені көпшілігіңіз сенім артып, республиканы басқаруды тағы бес жылға маған тапсырып отырсыздар. Бүгін сіздер гумманистік, өз құндылықтары бар республикалық жобаны таңдап отырсыздар. Және де бұл – әлеуметтік әрі экологиялық жоба.
Әсіре оңшылдар жетекшісі Марин Ле Пен жеңілгенін мойындағанымен, Макронға қарсы саяси күресті әрі қарай жалғастыруға уәде берді. Ол маусымда өтетін парламенттік сайлауда басым түсуден үмітті.
Арыстан Рысбек