Францияда өткен президенттік сайлауда Эммануэль Макрон жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда өткен президенттік сайлауда Эммануэль Макрон жеңіске жетті

25.04.2022

Францияда өткен президенттік сайлаудың екінші турында елдің қазіргі басшысы Эммануэль Макрон жеңіске жетті. Ол қарсыласы Марин Ле Пенді еш күмәнсіз ұтып отыр. Макронға халықтың 58 пайыздан астамы дауыс берсе, Ле Пенді қолдағандар 41 пайыз ғана. Осылайша Елисей сарайының қожайыны соңғы 20 жылда қайта сайланған алғашқы президент атанды. Ол енді Францияны тағы 5 жыл басқарады. Еуропа одағы лидерлері бесінші республикада оңшыл үміткердің жеңіліп, Макронның жеңіске жеткенін қошеметпен қабылдады.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

Рахмет достар, рахмет отандастар. Осындағы және шеттегі азаматтарымызға алғыс айтамын. Өйткені көпшілігіңіз сенім артып, республиканы басқаруды тағы бес жылға маған тапсырып отырсыздар. Бүгін сіздер гумманистік, өз құндылықтары бар республикалық жобаны таңдап отырсыздар. Және де бұл – әлеуметтік әрі экологиялық жоба.

Әсіре оңшылдар жетекшісі Марин Ле Пен жеңілгенін мойындағанымен, Макронға қарсы саяси күресті әрі қарай жалғастыруға уәде берді. Ол маусымда өтетін парламенттік сайлауда басым түсуден үмітті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу