Алматыда жаңа үйдің сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жаңа үйдің сапасы сын көтермейді

22.04.2022

Алматының Жетісу ауданында тұратын 600 отбасы су жаңа баспаналарының сапасына шағымданып отыр. Айтуларынша, тұрғын үй кешенінде жобаға сәйкес көрсетілген талаптардың басым бөлігі сақталмаған. Оның үстіне мыңға жуық тұрғынның қоныстанғанына қарамастан, әлі күнге құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 

Сыртынан биік, жайлы әрі әдемі көрінетін тұрғын үйдің іші жарты-жылға жетер-жетпес тозып тұр, – дейді тұрғындар. Құжат бойынша 1 жыл бұрын, ал іс жүзінде бірнеше ай бұрын ғана қолданысқа берілген кешеннің қазір қабырғалары қақырап, жаңбыр жауса төбесінен су тамшылайтын болған. Ол аздай, мұнда әлі құрылыс жұмыстары аяқталмапты.

Жарылқасын Ерасыл, тұрғын:
Қазір 2022 жылдың сәуірі. Әлі жасалып біткен жоқ. Мына жақта ешкім тұра алмайды. Көбісі ипотека төлеп жатыр. Пәтер жалдап тұрады және ипотека төлейді. Ол өте қиын.

Осылайша үйлі-жайлы болдық деген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмаған. Ең сорақасы құрылыспен айналысып жатқан компания азамттарға пәтер кілтін бермей тұрып, түрлі сылтаумен құжаттарға қол қойдырып алған.

Бегайым Сырттанбаева, тұрғын:
ПИК-пен келісімшартқа отырсаң кілтті береміз, егер отырмасаң біз сіздерге кілт бермейміз деп мәжбүрледі. Біз жеке мүлік иелеріміз. Сондықтан ондайға олардың құқығы жоқ. Біраз адамдарға солай кілттерін берді.

Жоба бойынша үй ауласына үш жерден кіретін жол салынуы керек болған. Бірақ оның екеуі бітеліп, орнына дүкендер салынып жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Міне, мына бірнеше әткеншекті осында тұратын 600-ге жуық отбасының балалары ермек етуге мәжбүр. Себебі, құрылыспен айналысып жатқан компания өкілдері аулада басқа ойын алаңы салынбайды деп отыр. Оған қоса мұнда уәде етілген ағаштар да егілмейтін көрінеді. Себебі, аумаққа түгелдей асфальт төселген.

Тұрғындардың сөзінше, мердігер компания құжатта бұл кешенді «комфорт класс» санатына жатады деп таныстырған. Алайда сиқына қарап, сену қиын деп ашулы.

Еділ Қожамбердиев, құрылыс компаниясының өкілі:
Ойын алаңы, көгалдандыру жұмыстары әлі толғымен аяқталған жоқ. Бәрі біткен соң бұл сұрақты көтереміз. Мен тағы қайталап айтамын бұл жерде жұмыс белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Кешенде автотұрақ мәселесі де өзекті. Үй маңайында 250 орынға шақталған тұрақ қарастырылған. Дегенмен, ол барлығына жетпейді. Ал, тұрғын үйдегі көлік тұрағының құны - құны 7 млн теңге. Оны көбісінің қалтасы көтере бермейді. Қордаланған мәселелер шешілмесе, үй иелері қала әкіміне шағымданамыз дейді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу