Путин «Азовсталь» зауытын штурммен алмауға бұйрық берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Путин «Азовсталь» зауытын штурммен алмауға бұйрық берді

21.04.2022

Ресей президенті Владимир Путин ел армиясына Украинаның Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытын штурммен алмауға және оны шыбын өтпейтін етіп бұғаттауға бұйрық берді. Сонымен қатар, Кремль басшысы Мариупольді қорғаушылар қаруын тастаса, олардың өмірін сақтауға кепілдік беретінін атап өтті. Ал, қорғаныс министрі Сергей Шойгу Путинге Ресей қарулы күштерінің Мариупольді бақылауға алғанын хабарлады. Алайда, оның сөзінше, «Азовсталь» украиналықтардан әлі босатылмаған.

Ресей армиясы алға жылжи алмай жатыр

Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл зауытта Украинаның «Азов» батальоны мен теңіз күштерінің 2 мыңдай жауынгері және мың шақты бейбіт тұрғыны бекінген.

Бірер күн бұрын Ресей жауынгерлері Донбассты алу операциясын бастады. Бірақ, өткен тәулікте 480 шақырымға созылып жатқан майдан шебінде Украина қарулы күштері оларға тоғыз рет тойтарыс бергенін хабарлады. Қазір Рубежное және Папасная елді мекендері үшін шайқас жүріп жатыр.

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының дерегінше, ресейліктер әзірге Украианың шығысында айтарлықтай алға жылжи алмай отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу