Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге 8,3 млрд теңге өтемақы төленді - Тимур Жақсылықов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге 8,3 млрд теңге өтемақы төленді - Тимур Жақсылықов

19.04.2022

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнесмендерге 8 миллиард 300 миллион теңге өтемақы төленді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі айтты. Тимур Жақсылықов шағын және орта бизнесті дамыту тұжырымдамасын таныстырған болатын. Қолдау тапқан құжатқа сай, 2030 жылға дейін шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Досжан Маратұлы, тілші:

Маңызы өте зор. Өйткені шағын және орта кәсіп экономиканың драйвері. Қазір жалпы ішкі өнімнің 34 пайызы осы салаға тиесілі.

Үш жарым миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сол үшін Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдасын әзірлеп, бүгін бекітті. Құжатқа сай, бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау көзделіп отыр.

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

2022 жылдың екінші жарты жылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау қамтамасыз етіледі.

Осылайша, кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі қалыптастырылып, ол бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Яғни кәсіпкерлерге қойылатын талаптар барынша жеңілдетілмек. Мәселен әкімшілік кедергілер жойылады, рұқсат беру құжаттары қысқарып, бизнестің есеп-қисабын толықтай автоматтандыру және цифрландыру көзделген. Әрі мемлекттік қолдау яғни, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар жалғасады. Мұндай шаралар 2030 жылға дейін экономикалық оң өзгерістер әкелуі тиіс. Яғни шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға, ал осы салада еңбек ететін адамдар санын 5 миллионға жеткізу межесі тұр.

Досжан Маратұлы, тілші:

Сондай-ақ Үкіметте Қаңтар оқиғасы кезінде 1600-ден астам шағын және орта кәсіп зардап шеккені айтылды. Оларға келген жалпы шығын 38 миллиард теңге. Әзірге оларға 8 миллиард 300 миллион теңге төленді.


Хабарламаларға жазылу