Бүгін Ресей әуе күштері Украинаның бірнеше қаласына соққы берді. Мәскеу мұндай шабуылдарды Қара теңізде алып крейсері қирап, құрдымға кеткеннен кейін үдетіп отыр. Ал, президент Зеленский құрбандар туралы жаңа мәліметтерді жариялады.
Бүгін Ресейдің әскери ұшақтары Львовты бомбалады және оның зымырандары Киев маңындағы қару-жарақ, оқ-дәрі қоймаларына соққы берді. Бір адам қаза тауып, бірнешеуі жараланған. Мұның алдында Мәскеу Қара теңіз флотының флагманы суға батқаннан кейін Украина қалаларына тағы да ұзақ қашықтықтан шабуыл жасайтынын ескерткен еді.
Сонымен қатар, Ресей оңтүстік Николаев қаласындағы әскери көлік жөндеу зауытын да шабуылдады.
Президент Владимир Путиннің Украинаға әскер кіргізуге бұйрық бергеннен кейін бір жарым ай өткенде, Ресей армиясы солтүстіктен шегініп, қазір оңтүстік пен шығыстағы аумақтарды басып алуға әрекеттеніп жатыр. Өткен тәулікте Ресей қарулы күштері Мариупольде алып зауытты алғанын жариялады.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:Мариуполь қаласында Ресей әскерлері мен Донецк Республикасының халықтық жасақтарының бөлімшелері шабуылдан кейін Ильич металлургиялық зауытын толықтай азат етті.
Ресей армиясы Мариупольді жеті аптадан бері қоршауда ұстап, бомбалап жатыр. Мәскеу бұл қаланы алса, Азов теңізі жағалауында Ресей мен Қырым арасында құрлықтық жол ашылады.
Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаланың 90 пайызы қирап, 120 мыңдай тұрғын ешқайда кете алмай отыр. 20 мыңнан астамы қаза тапты деген болжам бар. Жергілікті халық ас-сусыз, жарықсыз, жылусыз үлкен гуманитарлық дағдарысқа душар болып отыр.
Украина үкіметінің мәлімдеуінше, жергілкті армия берісер емес.
Александр Мотузянк, Украина қорғаныс министрлігінің өкілі:Мариупольдегі жағдай өте қиын. Ұрыс жүріп жатыр. Ресей әскері қаланы басып алу үшін қосымша бөлімшелерді тартты. Әзірге Илич металлургиялық зауыты мен Мариуполь порты аймағында қиян-кескі шайқас жүріп жатыр. Бірақ, ресейліктер қаланы толық бақылауға ала қойған жоқ.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, ақпанның 24-нен бері әскер 2500-ден 3000-ға жуық жауынгер жоғалтса, Ресей 20 мыңдай сарбазы мен офицерінен айрылған. Дегенмен, Мәскеу наурыздың 25-нен бері өзінің әскери шығыны туралы ешқандай мәлімет бермей отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 4633 бейбіт тұрғын құрбан болғанын айтады. Бірақ, бұл сан шын мәнінде әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Арыстан Рысбек