Басты Жаңалықтар Шымкенттіктер жарты ғасыр бұрын тұрғызылған ескі емханада ем алуға мәжбүр

Шымкенттіктер жарты ғасыр бұрын тұрғызылған ескі емханада ем алуға мәжбүр

50 мың тұрғын аядай тар ғимараттарда иін тіресіп, тұрғын үйлерге жайғасқан дәрігерлерге қаралады. Ал құрылысы былтыр басталған жаңа емхананың ғимараты «сақалды» құрылысқа айналып барады.

Созылмалды демікпеге шалдыққан Жақсылық Елтаев емханаға ай сайын қаралады. Кейінгі кезде құлағы да нашарлай бастаған. Тұрғылықты жеріне байланысты медициналық сынамаларды осында тапсырғаны болмаса, зертхана нәтижесі мен ем-домды басқа жерден алып жүр. Өйткені мұнда жағдай жоқ,-дейді.

Жақсылық Елтаев,  қала тұрғыны:
Ешқандай санитарлық жағдайға сәйкес келмейді. Ішінде дәліздің өзінде адам бір-біріне қысылып тұрады. Бір кабинетте 2 дәрігер қабылдап жатады. 

Қызылжар, Коммунизм, Алтынтөбе тұрғын алабындағы 50 мыңға жуық адам бүгінде осындай медициналық қызметке тәуелді. Емхана дегендері айналдыра салынған жатаған үйлер. Дені 1965 жылы тұрғызылған.

Ғани Қалмахан, тілші:
Ғимараттың жоқтығынан емхананың іргесіндегі көрші үйлерге дейін медициналық мекемеге айналған. Мына «Г корпусы» деп аталатын үйде гинекология бөлімшесі орналасқан. Амалсыздан емхана бұл жерге қазынаның қыруар қаржысын төлеп, жалға алып келеді.

Жүйелер ескіргендіктен екі күннің бірінде жарық өшіп қалады. Сырқатанып зорға жеткен жұрт оны сағаттап күтуге мәжбүр.

Осы қиындықты шешу үшін салынып жатқан жаңа емхананың құрылысы биыл тіптен тоқтап қалды. Жоспар бойынша құрамында емханадан бөлек күндізгі стационар, жедел жәрдем станциясы бар медициналық мекеме биыл жыл соңына дейін салынып бітуі тиіс еді. Ауыл шаруашылығы министрілі «жер қаланың бас жоспарына сәйкес бөлінбеген» дегенді алға тартып, инвесторды сотқа берді.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Біз оған араласа алмаймыз. Сот өзі шешеді. Себебі біздің мақсат инвесторды табу еді. Таптық. Біздің мақсат халыққа емхана салып беру.

Бұған дейінгі болған әкімшілік сот ауыл шаруашылығы министрілігінің дәлелдерін теріске шығарып, істі инвестордың пайдасына шешіп берді. Бірақ талапкер мұнымен келіспей, енді экономикалық сотқа қайта арыз бермек. Яғни, емхананың жыры тағы біраз уақытқа созылатын түрі бар.


Бөлісу