Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 7 мыңға жуық отбасы жер кезегін күтіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 7 мыңға жуық отбасы жер кезегін күтіп жүр

11.04.2022

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 7 мыңға жуық отбасы пәтер жалдап, өзгенің босағасын сағалаумен жүр. Өйткені шаһарда он жылдан бері тұрғындарға баспана салу үшін жер телімі берілмеген. Мәселе қашан шешіледі? Тілшіміз біліп келген еді.

Гұлнұрдың үш баласымен қалада пәтер жалдап тұрмаған жері жоқ. Жалғызбасты ананың кезегін күткеніне 10 жылдан асып барады. Әлі берілетін түрі жоқ.

Гүлнұр Жүсіпова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
Тұрысымыз осы. Үйіміз жоқ, жеріміз жоқ. Үйсіз,күйсіз қаңғып жүрміз. Анадан, оннан мыннан тартып қарыз алсақ та салып алатын ек жер берсе. Жер бермейді.

8 баласы бар Салтанаттың да көрген күні осы. 20 жыл бұрын Тәжікстаннан атажұртқа қоныс аударған отбасы содан бері пәтер жағалаумен жүр. Қанша рет көшіп-қонғаны естерінде жоқ. Тұрақты мекен-жайы болмаған соң балалар да мектебін жиі ауыстырады. Ауысқан сайын оқу үлгерімдері де төмендеп барады.

Салтанат Кенжебаева, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
Ізденіп жүріп, сұранып жүріп ең кішкентай 8-10 оқитын қызымды әкімге, директорға кіріп жүріп жайғастырғанмын. Өйткені пәтер ауысқан сайын пәтер алыстап кетеді.

Сарыағаш қаласында бүгінде 50 мыңға жуық тұрғын бар. Бірақ соңғы оншақты жылдан бері жер телімін алып, үй салғандар жоқ. Жергілікті әкімдіктің сөзіне сенсек, жер беру ісі биыл басталмақ. Шаһардың шетіндегі 275 гектар ауылшаруашылығы алқабының мақсаты өзгертіліп, баспана кезегінде тұрғандарға беріледі,-дейді қала әкімі.

Мұхит Досболов, Сарыағаш қаласының әкімі:
Сол бойынша қазіргі таңда мемлекет мұқтаждыңына қайтару үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол жерден 2,5 мыңға жуық учаске шығады деп жобалап отырмыз. Бірінші көше, жол, су жүргізіп алған соң тиісті құжаттарын беретін боламыз.

Жер телімі берілетін аумақтың инфрақұрылымын жүргізуге байланысты жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Оған қажетті қаржы мәслихат сессиясында қаралып, қазынадан бөлінетін болады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу