Еуропа елдері Украинаға берілетін әскери көмек көлемін ұлғайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері Украинаға берілетін әскери көмек көлемін ұлғайтты

09.04.2022

Ресей әскері негізгі күштерін Украина аумағындағы Донбасс, Мариуполь мен Николаевқа жұмылдырды. Батыс барлаушыларының мәліметінше, қалаларға кемелерден оқ жаудырылып жатыр. Краматорск вокзалында болған шабуылдан 52 адам қаза тапқан. Ал, ЕуроОдақ Украинаны өз құрамына қосуды мейлінше тездетпек. Қосымша миллиондаған еуро бөлуге келісті. 

ЕуроОдақ Украинаны өз құрамына қосу процесін тездетуге кірісті. Киевке сапармен барған Еурокомиссия басшысы Урсула фон Дер Ляйен президент Владимир Зеленскийге сауалнама тапсырды. Құжат Украинаның Одаққа қосылуының бастапқы нүктесі деуге болады. Бұған қоса, Еурокомиссия басшысы Украинаның өтінімін жылдарға созбай, барынша шұғыл түрде қарауға уәде берді. Шешім бірнеше аптада қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған қоса, ЕуроОдақ Киевке бұған дейін бөлінген 1 млрд еуродан бөлек қорғаныс мақсатына қосымша 500 млн еуро бөлмек. Бұның алдында Урсула фон дер Ляйен Буча қаласына барды.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:
Бучадағы жағдайды өз көзіммен көрдім. Адамзатқа жасалған қиянат бұл. Ресейді Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығару - дұрыс шешім. Ресейді экономикалық, қаржылық және технологиялық күйзеліс күтіп тұр. Ал Украина еуропалық болашаққа беттеп барады.

Соңғы деректерге қарағанда Краматорскідегі теміржол вокзалына зымыранмен жасалған соққыдан 52 адам қаза тапқан. Жүзден астам тұрғын ауруханада жатыр. Станциядағы шабуыл кезінде 4 мыңдай адам эвакуациялау пойызын күтіп тұрған. Олардың көбі - әйелдер, балалар мен қариялар. Пентагонның дерегінше, Ресей тарапы "Точка-У" ракетасымен соққы жасаған. Ал Ресей зымырандық шабуылға қатысы барын жоққа шығарып, Украина "ұлтшылардарын" айыптады.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі: 
Теміржол вокзалы маңында табылған ракеталарды тек Украина армиясы пайдаланады. Сынықтарды талдау барысында зымыран Краматорскінің оңтүстік-батысынан ұшырылғаны дәлелденді.

Еуропа елдері Украинаға берілетін әскери көмек көлемін ұлғайтты. Ұлыбритания қосымша 100 млн фунт стерлингке әскери техника, атап айтсақ, танкіге қарсы 800 зымыран, дәлдеп ататын қару-жарақ жібереді. Словакия С-300 зениттік-зымыран кешенін берді.

Бұған қоса, ЕуроОдақ Ресейдің тағы 4 банкінің активтерін бұғаттады. Жаңа санкциялық тізімге осы елдің 217 азаматы енгізілген.


Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу