Шымкент: Мыңдаған отбасы үйін заңдастыра алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент: Мыңдаған отбасы үйін заңдастыра алмай жүр

07.04.2022

Шымкенттің мегаполис болғанына біраз жыл өтсе де, шаһар аумағына енген елдімекен тұрғындары әлі күнге есепке алынбаған. 2 мыңға жуық отбасы өздері тұрып жатқан баспаналары мен жер телімінің құжаттарын рәсімдей алмай сандалып жүргендерін айтады. 

Ғани Қалмаханов, тілші:
Мынау «Батыс Европа-батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің айналма жолы салынуы керек жер. Алайда құзырлы органдар мұны баспана салу үшін жұртқа үлестіріп берген. Қазір бұл аумақ тұтас елді мекенге айналған. Бірақ соған қарамастан тұрғындар меншігіндегі жылжымайтын мүлікке иелік ете алмай келеді.

200-ге жуық отбасының «Жаңаталап» ауылына қоныстанғанына жиырма жылдың жүзі болды. Басыбайлы баспаналарының құжатын рәсімдей алмаған соң барлығы өзге жерде тіркеуге тұруға мәжбүр.

Кезінде бұл елдімекен Сайрам ауданына қарайтын. Әкімдік ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді кезекте тұрғандарға 10 сотықтан бөліп берген. Қиындық қалаға өткен соң басталыпты. Баспаналар күре жол, көпқабатты тұрғын үй мен саябақ салынатын орындарға тұрғызылған деп, шенеуніктер құжаттарын рәсімдемей қойған.

Клара Спанова, қала тұрғыны:
Дәрігерге көріну одан да қиын. Біздер демалыс орнына да бара алмаймыз. Тұрған жеріңнен сұрап кел деп айтады.

Қала тұрғыны мәртебесіне ие болғанымен «Жаңаталаптықтар» өркениет игілігіне де қол жеткізе алмады. Жолды өз қаржыларына төсетті, табиғи газ бен жарықты ақшаларына тартқызды. Әкімдіктің әкелгені су ғана.

Әдихан Тұрапов, қала тұрғыны:
Он жылдан бері газға, суға, жолға төлеп жатырмыз. Үйге келгенде санатта жоқпыз.

2014 жылы Шымкент қаласының құрамына шекаралас аудандардан 84 елді мекен енген. Олардың дені осы қиындықты көріп келеді.

Нұрбол Жүнісбеков, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл процесс аяқталмайтын сияқты. Өйткені өте көп. 117 мың гектар бар қалада. 84 елдімекенді аралау барысында әр аралаған сайын шығып жатыр заңдастырылмағандар. Соларды анықтап, біртіндеп шешілетін мәселе.

Қазір бір жарым мың отбасының тұрғын үйі мен жер телімі заңдастырылуда. Әлі 300-ден астамы бар. Көбінің мәселесі енді сотпен шешілмесе күрмеуі қиын. Сондықтан бұл азаматтардың жекеменшік құқығын айқындап беру мақсатында әкімдік соттармен меморандум жасады. Бұл іс енді екі аптадан соң басталады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу