АҚШ президенті Бучада болған жағдайға байланысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ президенті Бучада болған жағдайға байланысты пікір білдірді

05.04.2022

Украинаның Ресей әскерінен босатылған Буча қаласында өлтірілген бейбіт тұрғындар саны 300-ге жетті. Ресейлік жауынгерлер қырғынға ұшыратқан адамдар саны әлі өсуі мүмкін. Өйткені Киев маңындағы Бордянка қалашығы мен өзге де елдімекендерде әлі талай құрбан жатса керек. Мұны президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Сондай-ақ ол Бучаға сапарында қанды оқиғаны әскери қылмыс деп атап, оны әлемнің «геноцид» деп мойындайтынына сенім білдірді.

Айта кетсек, Бучадағы оқиға үшін Ресей қазір дүниежүзінде қатаң айыпталып, үлкен сынға ұшырап отыр. Франция мен Германия ресейлік елшілерді еліне қайтарып жатса, АҚШ президенті Джо Байден Кремль басшысын әскери қылмыскер ретінде жауапқа тартуға шақырды.

Джо Байден, АҚШ президенті:
Біз Украинаны қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастыруымыз керек. Ал әскери қылмыс бойынша сот бар. Бұл жігіт қатыгез, ал Бучада болып жатқан оқиға шектен шығуды білдіреді. Оны бәрі көрді.

Ресей сыртқы істер министрі Сегей Лавров болса, ресейлік сарбаздар Украинаның солтүстігінде бейбіт адамдарды әдейі өлтірді деген мәліметті жалған дейді.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:
Біз мұндай фейктерді әшкерелейтін боламыз. Наурыздың басында Мариуполь перзентханасына қатысты жағдайды да анықтағанбыз. Ал Ресей қарулы күштері Бучадан 30 наурызда кетті. Келесі 3 күнде жергілікті мэр теледидарда қаланың қалыпты өмірге оралатынын, Украина қарулы күштерінің сонда тұрғанын айтып, мәйітсіз көшелерді көрсетті.

Германия канцлері Олаф Шольц ескерткендей, Батыстағы одақтастар Буча оқиғасы үшін алдағы күндері Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар жариялайды. Сонымен қатар АҚШ әкімшілігі де осы аптада Ресейді жазалаудың келесі шараларын хабарлайтынын мәлімдеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу