Еуропа Ресей газы мен мұнайын рубльге сатып алудан бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа Ресей газы мен мұнайын рубльге сатып алудан бас тартты

25.03.2022

ЕуроОдақ Ресей газы мен мұнайын рубльге сатып алуға келіспейді. Мәскеудің бұл талабы еуромен төлем жасау туралы айтылған келісімшартқа қайшы.

Мұндай мәлімдеме ЕуроОдақтың Украинадағы әскери жанжалға арналған саммитінде жасалды. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің сөзінше, Ресей өзінің энергетикалық ресурстарының көмегімен Еуропаны бұдан былай бопсалай алмайды.

Саммит барысында Украина президенті Владимир Зеленский видеобайланыс арқылы сөз сөйледі. Еуропалық Кеңеске арнаған сөзінде Зеленский Ресейге қарсы санкциялар кешеуілдетіп жарияланғанын мәлімдеді. Айтуынша, санкциялар алдын-ала енгізілсе, соғыс болмас еді.

Брюссельде бейсенбіде ЕуроОдақ саммитіне дейін НАТО мен «Үлкен жетілік» лидерлерінің кездесуі өтті. Солтүстік альянс шығыс флангын күшейтуге уағдаласты. Сонымен бірге Ресей химиялық немесе биологиялық қару қолданатын болса, бұған қарсы жауап беретінін мәлімдеді. Батыс елдері Киевке әскери және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырмақ. Тағы бір айта кететіні, АҚШ президенті Джо Байден Ресейді «Үлкен жиырмалық» құрамынан шығару туралы ұсыныс жасады. Ал бұл ұсыныс қабылданбаса, Украина «G20» саммиттеріне қатысуы керек деп мәлімдеді.

 БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайды

Ал БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайтын қарар қабылдады. Мұндай құжат бір айда екінші мәрте дауысқа салынып отыр. Бұл жолы резолюцияны 140 мемлекет қолдап, бесеуі қарсы шықса, 38 мемлекет қалыс қалды.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу