Бельгия астанасы Брюссельде қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп жатыр. Мұнда бүгін НАТО елдері басшыларының саммиті ашылады. Онда Украинадағы жағдайға байланысты әскери жаттығуларды жиілету, альянстың Шығыс Еуропадағы контингентін күшейту және көбейту мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар, саммитке АҚШ президент Джо Байденде қатысып, Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялайды. Американың Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Саливанның сөзінше, бүгін «Үлкен жетілік» мемлекеттері де Мәскеуге қарсы санкциялар бойынша позицияларын үйлестіруге уағдаласпақ.
Президент Владимир Путинніің мәлімдеуінше, Ресей енді өз газын «дос емес елдерге» рубльге сатуға кіріспек. Мәскеу мұндай шешімді Ресейдің шетелдегі активтері бұғатталғаннан кейін қабылдап отыр.
Кремль басшысы айтқандай, көгілдір отын үшін рубльмен есеп айырысуға көшуге Ресей орталық банкі мен үкіметіне бір апта уақыт берілді.
Арыстан Рысбек