Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнесмендерге 5 миллиард теңгеден аса өтемақы төленді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мемлекеттік органдардың бүлінген ғимараттарын қалпына келтіру мен кәсіпкерлік нысандарына келген залалды өтеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Еліміздің 8 облысында әкімдік, полиция бөлімшелері секілді 42 мемлекеттік орган зардап шеккен. Шығын 30 миллиард теңге. Қаржының басым бөлігі жергілікті әкімдіктерден бөлініп, ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Барлық нысандарға техникалық байқау жүргізілді. Нәтижесінде 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта құру қажеттілігі анықталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға – ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жөндеуге келетін ғимараттардың 21-і қалпына келтірілді. Алматы әкімдігінде жұмыс қазанның соңына дейін жалғасады. Бизнес субъектілері бойынша: 1600-ден астам нысан бүлінді. Шығын 38 миллиард теңгеден асады. Қазір зардап шеккен кәсіпкерлердің мыңнан астам өтініші мақұлданып, бес жарым миллиард теңге өтемақы төленді. Қалған 438 өтініш бойынша бағалау процедуралы жүріп жатыр. Кейін толық көлемде қолдауға ие болады. Шағын және орта бизнеске бұдан өзге де көмек көп. Мәселен мемлекеттік мүлікті жалға алу төлемінен босатылды, несие төлемдерін кейінге қалдырылды. Ал салықтар мен алымдарды төлеу мерзімдері шегеріліп, мемлекеттік кірістер органдары бастаған салық және кедендік тексерулер уақытша тоқтатылды. Әрі камералдық тексерулерге хабарламалар уақытша берілмейді.