ІІМ: 72 адам сотталды, 184 күдікті қамауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІМ: 72 адам сотталды, 184 күдікті қамауда

14.03.2022

Үш мыңға жуық қылмыстық іс тергеліп жатыр. Әсіресе, ұрлық-қарлық бойынша ұсталғандар көп. Қаржы ұйымдары, банктер, сауда орталықтары мен дүкендер тоналды. Салдарынан 1 700 бизнес және басқа да нысандарға залал келіп, жалпы шығын көлемі 100 млрд. теңгеден асты. Ішкі істер министрі қаңтар оқиғасына қатысты тергеу барысын таныстырды. Марат Ахметжанов бейбіт түрде басталған митинг әрі қарай жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын айтады. Авто және теміржолдарды жауып, вокзал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл жасап, қызметтік көліктер өртелді. Мемлекеттік органдардың ғимараттарын да қоршап алды. Мұның бәріне тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Бірақ, бей-берекетсіздікке қарамастан құқық қорғау органы бастапқыда күш қолданбай, заңды талаптарға бағынуға шақырды. Алайда, төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция жүргізбесе болмайтын болды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Өкінішке орай, 19 қызметкеріміз қаза тапты. 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер жарақат алды. Көптеген қызметкер әлі де ем алуда. Біразы өкінішке орай денсаулықтарына байланысты болашақта біздің қатарымызда қызметтерін жалғастыра алмайды. Сондықтан, қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды.

Қазір полицияның тергеуінде 2 мың 900-ден аса қылмыстық іс бар. 1 мыңнан аса күдікті қылмыстық жауапқа тартылуда. Президент жазаны жеңілдету жағдайларын ескеруді тапсырды. Соның аясында 400-ден аса адамның 219-ы қамаудан босатылды. Бірақ, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда. 72 адам сотталды. Оның бесеуі ғана бас бостандығынан айырылса, қалғанына басқа жазалар тағайындалды. Министр қолды болған 2 мың 900-дай қарудың жартысына жуығы қайтарылғанын айтты. Енді сол жарақтарды табуға тұрғындардың да көмектесуін сұрады.


Хабарламаларға жазылу