Мәжілістің жалпы отырысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілістің жалпы отырысы басталды

14.03.2022

Дәл қазір елордада Мәжілістің жалпы отырысы басталды. Жиында Қаңтар оқиғасына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу барысы пысықталады. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалдарына құзырлы орган жетекшілері жауап береді. Қазір бізбен әріптесім Дарын Сағитов тікелей байланыста. Дарын, жалпы отырысқа тағы кімдер қатысады деп жоспарланған?

Дарын Сағитов, тілші:

Бүгін күн тәртібінде негізгі 7 мәселе қаралмақ. Олардың ішінде бастысы Қаңтар оқиғасын тергеу бойынша «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына Бас прокурордың ауызша жауабы тыңдалады. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен басқа да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жүргізіліп жатқан тергеу амалдарының барысы жайлы депутаттық сауалға жауап береді. Сондықтан үзілді-кесілді қорытынды жасауға әлі ерте. Бірақ, Бас прокурор атқарылған жұмыстар бойынша депутаттардың сұрақтарына толық жауап беруге дайын. Өздеріңізге мәлім, халық қалаулылары жақында ғана аймақтарды аралап келді. Енді Қаңтар оқиғасына қатысты қоғамды толғандырған сұрақтарға бүкпесіз, ашық жауап қайтарылуы тиіс деп отыр.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жақында ғана әріптестеріміз республиканың әр өңірінде болып, ел-жұртпен кездесіп, түйіні қалың түрлі әлеуметтік мәселелерді өз көздерімен көріп қайтты. Сол кездесулерде қоғам тарапынан елдегі белсенді азаматтардан, ақпарат құралдарының өкілдерінен Қаңтар оқиғасын қашан құқықтық баға беріледі депген сұрақтар көп қойылды.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде 1500-ге жуық ғимарат пен кешендерге шабуыл жасалған. 1395 бизнес нысаны тоналып, жүздеген көлік қираған.Жалпы 112 млрд теңгеден астам шығын келген. Әсіресе кәсіпкерлікке 67 млрд теңге шығын келді. Мемлекет Қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің ашық өтуіне мүдделі. Бұл бағыттағы жұмыстарға қоғамдық бақылау күшейіп отыр. Отырысқа белгілі құқық қорғаушылар, адвокаттар да қатысады деп жоспарланған. Олар ой-пікірлерімен бөліседі. Мәжілістің жалпы отырысына қатысты материалдарды алдағы шығарылымдардан көре аласыздар.


Хабарламаларға жазылу