Әлемнің жетекші рейтингтік агенттігі «Fitch Rating» Ресейдің таяу арада қарыздарын өтей алмай, дефолтқа ұшырайтынын ескертті.
Және де америкалық агенттік Ресейдің инвестициялық мәртебесін түсіріп, облигацияларының құнын арзандатып отыр. Осыған дейін Ресей өзінің энергетика саласына салынған халықаралық санкциялардың мемлекеттік қарызды қайтаруға әзірлігі мен қабілетін шектейтінін мәлімдеген еді. «Fitch» те санкциялардың қатаңдатылуы Ресейдің мемлекеттік борышты төлеу міндеттемелерін азайтатынын хабарлап отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, Ресейде алдағы жарты жылда есепшоттан валюта алудың жаңа ережесі жұмыс істейді. Оған сәйкес, биыл наурыздың 9-нан қыркүйектің 9-на дейін 10 мың доллар ғана шешіп алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, Ресей орталық банкі банктердің азаматтарға валюта сатуына тыйым салатынын жариялап отыр.
Арыстан Рысбек