Әлеуметтік желілер мен алаңдарда айтылатын мәселелер Парламент пен мәслихат назарынан тыс қалмауы тиіс. Бұл міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектелмей, парламенттік және қоғамдық тыңдаулар өткізіп, ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Мемлекет басшысы «Аманат» партиясының съезінде барлық реформаға ұйытқы болатын партияны жаңғыртуда депутаттардың белсенді болғаны керек деді.
Саламат Омаш,тілші:
Құр сөзге құрылатын құрғақ жиындар депутаттардың күнделікті жұмысына айналған. Оны өздері де мойындайды. Сондықтан Президент айтқан жаңа бастама науқандық шара болып қалмауы тиіс.
Рас қазір партияның айналасында комиссия мен кеңес көп. Бәрі бір мәселені шыр айналдырып талқылауға құмар. Бірақ, нақты шешімдер сирек қабылданады. Депутаттық фракциялар алдымен осы кемшіліктен арылған абзал.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Еліміздегі ең үлкен пікір-талас алаңы ол мәжіліс болуы керек. Батыс, шығыс, оңтүстіктегі халықтың әлеуметтік жағдайы, түрлі саладағы, ауылшаруашылығы, денсаулық, білім, мәселе жеткілікті.
Сәлімжан Нақпаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір қоғам, сана өзгеріп жатқан уақыт. Халықтың сұранысы да, талабы да өзгерген. Біздер депутаттар соған сай жұмыс істеуіміз керек. Біздің жұмыс стиліміз өзгеруі керек, сайлаушылармен жұмыс істеуіміз қажет.
«Аманатқа» артылған жүк ауыр. Партияның бағдарламасын, елге берген уәденің орындалуын Парламент сөз бұйдаға салмай, нақты істен реттеуі тиіс. Ақын Ауыт Мұқибектің сөзінше, депутаттыққа әр саланың білікті маманы барса ғана, Парламент күшейеді.
Съезде депутаттардың рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселесін шешуге негізделетіні айтылды. Керек болса, Парламент Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Алайда Үкімет сенім түгіл, сауалдың өзіне жарытып жауап бермейді дейді депутаттар.
Қазір партияға да Парламентке белсенді жастар келді. Бұл бәсекелестікті арттырады. Депутаттардың алдында әкімдер сайлауында ашықтықты қадағалау, партия ішінде кадрларды дайындау мәселесі де тұр.
Саламат Омаш, тілші:
Сыннан көз ашпайтын депутаттар шын мәнінде халық қалаулысы бола ала ма, жоқ па? Ол үшін алдымен партия мен Парламенттің құрамын кездейсоқ келгендерден тазарту қажет. «Болды да партия, ел іші жарылдының» кейпін кимеуіміз тиіс. Жаңа Қазақстанның талабы да осы.
Саламат Омаш