Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты

01.03.2022

«Нұр Отанның» атауы өзгерді. Билік партиясы бұдан былай «Amanat» деп аталады. Бүгін саяси ұйымның кезектен тыс XXII съезін өткізген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны түбегейлі трансформациялауға қатысты тапсырма берді. Бағыт-бағдарын айқындап, «Аманат» ел аманатын арқалаған партияға айналуы тиіс деді. Сондай-ақ құрылтайда Президент Ресей мен Украина арасындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, Қазақстаның ұстанымы жайлы айтты.

Кезектен тыс 22-съездің 1 наурызда өтуі бекер емес. 23 жыл бұрын дәл осы күні «Нұр Отан» құрылған еді. Енді көктемнің бірінші күні қайта түлеп отыр. Құрылтайды атқарушы хатшы ашып, артынша Мәжілістегі фракцияның төрағасы саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мұндай өзгерістердің қажет екендігін өңірлерге болған кездесулер барысында байқадық. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды. Бірқатар ұсыныстар айтылды. Пікірлесе келе партиямыз «Аманат» деген атауға лайық деген тоқтамға келдік. 

Мұны еліміздің түкпір-түкпірен онлайн съезге қатысқан делегаттар да, төраға да қолдап отыр. Өйткені партияны жаңғыртпай жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес. Алда үлкен міндет тұр. Партия барлық реформаларға ұйытқы болып, аманатты арқалай білуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:

Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. +04:31 Сондықтан, мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын.

Әрине құр ребрендингпен мәселе шешілмейді. Өткен айда партия жұмысана жүргізілген сараптама түбегейлі өзгеріс қажеттігін көрсетті. Оның үстіне қаңтар оқиғасынан кейін саяси институттарды жаңғыртып жатқан Президент, партияны да трансформациялауды қолға алып отыр. Өзгерістер орталық аппараттан басталуы керек. Қазір олар қажетісіз түрлі форумдар мен іс-шараларды өткізуге әуес. Әрі қағазбастылыққа көміліп отыр. Сол үшін халықтың мұң-мұқтажы екінші орында қалып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:

Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс.

Төраға мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың жұмысын жандандыруды тапсырды. Қазір кей депутат жұмған аузын ашпайды. Халықтың-мұң мұқтажы биік мінберден ашық айтылып, қызу талқыға түсуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:

Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкімет мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек.

Осы орай Президент партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелерді анықтау үшін тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастыруды тапсырды. Бірақ мәселені шешуге келгенде популизм болмауы керек. Халыққа орындалмайтын құрғақ уәделер емес нақты іс қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:

Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет.

Геосясат жайлы сөз қозғаған Президент Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Айтуынша Қазақстанның ұстанымы мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету тұрғысында болуы тиіс. 2010 жылы еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде, біз Еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы ұстанымын қолдаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:

Геосаяси ахуал теңдессіз түрде шиеленісті. Біз екі мемлекетті де уағдаластық пен келісімге келуі үшін келіссөздер үстеліне отырып, ортақ тіл табысуға шақырамыз. Басқа жолы жоқ. Бейбіт өмірсіз даму да болмайды. Қазақстан өз тарапынан қажет болса барлық жәрдемін, оның ішінде арағайындық қызметін көрсетуге дайын.

Қазір осы геосаяси ахуал еліміздің экономикасына кері әсер етіп жатыр. Бұған қарсы тұру үшін партияға артылар жүк ауыр. Қысқасы, аманаттықтарға бес бағыт бойынша тапсырма берілді. Қоғаммен кері байланыс, ашықтық орнатып, ұйым саяси мамандарды даярлайтын мектепке айналуы керек. Партияластар арасында ынтымақтастықты арттырып, мәдениет қалыптастыру, бағдарламалық құжаттарды қайта қарап, жас отан жастар қанатының жұмысын жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе.

 Досжан Маратұлы, тілші: 

Президент бұл міндеттерді мейлінше қысқа мерзімде іске асыруды тапсырды. Өйткені бағыт-бағдар айқын. Енді білек сыбаны кірісу керек. Бұл саяси ұйымды жаңғыртып, жаңа Қазақстанды құруға жол ашады деді мемлекет басшысы. Бастысы аманатқа қиянат жамау керек. Ал ел дамуына қатысты саяси реформаларды Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың 16-сы жарияламақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу