Ресей Донбасста әскери операция басталғанын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей Донбасста әскери операция басталғанын жариялады

24.02.2022

Ресей президенті Владимир Путин бүгін Донбасста әскери операцияның басталғанын жариялады және Украин армиясының жауынгерлерін қаруларын тастап, үйлеріне қайтуға шақырды.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Кремль басшысы өз мәлімдемесін мемлекеттік телеарна арқылы жасады. Путиннің айтуынша, бұған дейін Донецк мен Луганск жетекшілері Мәскеуден көмек сұраған. Ал, Украина өз кезегінде аталмыш аймақтар мен Ресейге еш қауіп төндірмегенін мәлімдеді.

Зеленский ел армиясының соғысты қаламайтынын мәлімдеді

«Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Украинаның Киев, Одесса, Харковь және өзге де ірі қалаларында жарылыстардың жаңғырығы естіліп жатыр.

Ресей қорғаныс министрлігі болса, Украинаның әскери нысандарын ғана дәлдеп атып жатқанын айтады. Украина қарулы күштері де шабуылға кіріскенін мәлімдеп, Ресейдің 5 ұшағын құлатып, 50 адамын мерт қылғанын хабарлады. Мәскеу мұны жоққа шығарып отыр. Президент Владимир Зеленский телеарна арқылы сөз сөйлеп, елінің соғысты қаламайтынын, бірақ қорғануға дайын екенін жеткізді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Біз соғысты қаламайтынымызды сеніммен айта аламыз. Қырғи-қабақ соғысты да, шынайы соғысты да, гибридтік соғысты да қаламаймыз. Алайда, шабуыл жасалса, елімізді, бостандығымызды, өмірімізді, балаларымыздың өмірін қиюға әрекет жасалса, өзімізді қорғауға дайынбыз. Шабуыл жасамаймыз, қорғанамыз.

Ел аумағында әскери жағдай жарияланды

Соңғы оқиғаларға байланысты Украина өзінің әуе кеңістігін қауіпсіздік мақсатында уақытша жапты. Сонымен қатар, Жоғарғы Рада ел аумағында әскери жағдай жариялауды қолдап дауыс берді. Ол режимге сәйкес, әскер қатарына шақырылатын резервистердің қозғалысы шектеліп, ақпарат құралдарының қызметі бақылауға алынады, тұрғындардың құжаттары тексеріледі. Бұған қоса, Ресеймен және Беларусьпен арадағы шекараларда күзет күшейтіліп жатыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу