Бүгін доллар бағасы күрт көтерілді. Елорданың айырбастау орындарында доллар 470-475 теңге аралығында сатылса, Алматыда 472 теңгеден саудаланды. Валюта бағамы сағат сайын өзгеріп жатыр. Доллар 500 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін бе? Бағаның тоқтаусыз өсуінің салдары неге алып келуі мүмкін? Сарапшылар не дейді?
470-475 теңге. Бұл бүгінгі доллар бағамы. Кеше кешке ғана 437 теңгеге сатылған көк қағаздың құны таңертең бірден 33-38 теңгеге қымбаттады.
Түске қарай, елордадағы кей ақша айырбастау пунктері доллар мен еуро сатуды тоқтатты. Барында валюта бағамы қырық құбылып тұр. Сарапшылардың сөзінше, доллардың шарықтауына Украина төңірегінде ушыққан геосаяси жағдай себеп.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Біздің теңге 1-2 күнде саяси жағдайға қарап, өзінің бұрынғы қалпына қайтпаса да, бірден өсіп кету болмайды. Іргелі жайы 430-440 болуы керек.
Доллар қымбаттаса, азық-түлік бағасы өсіп, инфляция жоғарылап кететіні рас. Мұндай келеңсіздікті болдырмас үшін Ұлттық банк, бүгін 104 млн долларға интервенция жүргізді. Сөйтіп, осы аптада барлығы 137 млн долларға валюталық интервенция жасалды.
Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Ұлттық банк қаржы нарығындағы ахуалды жіті бақылап, балансты интервенция арқылы тізгіндеп отыр. Әйтпегенде, төл теңгеміз бұдан бетер құнсызданып кетер ме еді, кім білсін. Десе де, кей сарапшылар, Ресей-Украина арасындағы қақтығыс күшейе берсе, теңгеге қысым артпақ. Тіпті алдағы күндері доллар бағамы 500 теңгеге дейін шарықтауы мүмкін деген болжамдар да бар.