Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш: Қазірдің өзінде тым көп адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш: Қазірдің өзінде тым көп адам қаза тапты

24.02.2022

Ресей әскері Украинаға үш тараптан енді: оңтүстіктен, солтүстіктен және шығыстан. Әскери техника мен жауынгерлер Қырым мен Беларусь тарапынан кіріп жатыр. Мұны «Ассоушиэйтид пресс» агенттігі хабарлады. Ал, президент Владимир Зеленский кеңсесінің дерегінше, Украина қарулы күштері бүгін 40 шақты жауынгерін жоғалтты. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ДХР мен ЛХР-да «халық милициясының» жасақтары Украина әскеріне қарсы қарымта шабуылға көшті. Алайда, ресми Киев Ресей күштерінің Украина әскеріне үлкен зиян келтіре алмай отырғанын айтады. Және де Украина үкіметі соғыс ардагерлеріне қару тарататынын жариялады. Тағы бір атап өтерлік жайт, Зеленский өз елінің Ресеймен дипломатиялық қатынасты үзгенін хабарлап, Ресей халқын соғысқа қарсы шеруге шақырды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы болса, Украина мен Ресей арасындағы әскери жанжалдың басталуын қайғылы сәт деп атады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Бұл – менің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымындағы ең қайғылы сәтім. Мен қауіпсіздік кеңесінің отырысын президент Путинге арнап, оған шын жүректен: «Әскерлерді тоқтатыңыз, бейбітшілікке мүмкіндік беріңіз» деп бастадым. Өйткені, қазірдің өзінде өте көп адам қаза тапты.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу