Мәскеу «ЛНР» мен «ДНР» тәуелсіздігін мойындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу «ЛНР» мен «ДНР» тәуелсіздігін мойындады

22.02.2022

Владимир Путин Ресей әскеріне Украинаның шығысындағы екі сепаратистік аймақта «бейбітшілікті қамтамасыз етуді» тапсырды.

Бұған дейін Кремль басшысы «ДНР» мен «ЛНР» деп аталатын территориялардың тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойған еді. Путиннің айтуынша, Украина үкіметі Донбасстағы жанжалды бейбіт жолмен тоқтату туралы Минск келісімін орындамаған.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Осыған байланысты шешім қабылдау қажет деп санаймын. Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикасының тәуелсіздігі мен егемендгі дереу мойындалсын. Ресей Федерациясының Федерациялық Кеңесінен осы шешімді қолдап, екі республикамен достық және өзара көмек туралы құжатты бекітуді сұраймын.

Зеленский: Ресейге жер берілмейді

Ал Владимир Зеленский халыққа телевизиялық үндеу жолдады. Украина жері Ресейге берілмейтінін ескертті. Мұндай мәлімдемені Зеленский қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін жасады. Ол Ресейді Украинаның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қол сұқты деп айыптап отыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Украина міндетті түрде Ресей Федерациясының әрекетін Украина территориясының тұтастығын бұзу деп бағалайды. Бұл шешімдердің салдары үшін барлық жауапкершілік Ресейдің саяси билігіне жүктеледі. Оккупацияланған аймақтардың тәуелсіздігін мойындау Ресей Федерациясының Минск келісімдерінен біржақты шығуын және Нормандия форматында қабылданған шешімдерді елемеуін білдіреді. Біз өз жеріміздеміз. Ешкімнен және ештеңеден қорықпаймыз. Ешкімге ештеңе қарыз емеспіз және ешкімге ештеңе берейін деп отырған жоқпыз.

Құрама Штаттар мен ЕО Ресейге қарсы жаңа санкциялар әзірлеп жатыр

Джо Байден АҚШ кәсіпкерлеріне Донбасстың көтерілісшілер бақылауындағы аудандарынан тауар импорттауға тыйым салды. Ол Франция және Германия басшыларымен әңгімеден соң осындай шешімге келді деп хабарлайды «Рейтер». Ақ үйдің мәлімдеуінше бұл жазалау шаралары Вашингтон мен Еуроодақтың Ресейге қарсы әзірлеп жатқан санкцияларынан бөлек қабылданады.

Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель мен Еуро комиссия басшысы Урсула вон дер Ляйэн «Твиттер» арқылы мәлімдеме таратты. Кремльдің украинадағы екі аймақтың тәуелсіздігін мойындауы Еуроодақты Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялауға итермелейтінін ескертті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу