Батыс елдері Ресей әскері Украина маңынан кетіп жатқанын жоққа шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс елдері Ресей әскері Украина маңынан кетіп жатқанын жоққа шығарды

17.02.2022

Ресей өз әскерін Украинамен арадағы шекарадан әкетіп жатыр деген мәлімет шындыққа жанаспайды. АҚШ пен Батыс елдері осылай деп мәлімдеп отыр. «BBC»-дің хабарлауынша, соңғы күндері Мәскеу Украина маңына қосымша 7000 сарбаз жіберген. Бұған қоса, британиялық барлаушылар бұл жерге бронды транспортерлар, тікұшақ және дала госпиталі жеткізіліп жатқанын хабарлап отыр.

НАТО Украинаға Ресейден төнген қауіптің бәсеңдегеніне сенбейді 

НАТО да Украинаға Ресейден төнген қауіптің бәсеңдегеніне сенбейтінін мәлімдеді. Бұл туралы солтүстік атлантикалық альянс қорғаныс министрлерінің кездесуінде айтылды. Сонымен бірге жиында Еуропаның орталығы мен оңтүстік-шығысына НАТО-ның шағын әскери бөлімдері аттанатыны туралы айтылды. Бұл қадам Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бір бөлігі болмақ.

Мәскеу Украина маңынан әскерін әкетіп жатыр 

Ал, Ресейдің қорғаныс министрлігі әскери жаттығу аяқталғаннан кейін Украина маңындағы аудандардан әскерін әкетіп жатқанын мәлімдеді. Жауынгерлердің, әскери техниканың шығарылып жатқаны туралы видео да жарияланды. Сарбаздар жаттығуға дейінгі тұрақты базаларына қайтады. Сонымен бірге Мәскеу Украинаға басып кіру туралы жоспары жоқ екенін үнемі мәлімдеп келеді. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу