Криптовалюта сатып алмақ болған Алматы тұрғыны 100 мың АҚШ долларын қайтара алмай жүр. Мағжан Бейсеннің сөзінше бір айға жуық уақыт өтсе де құзырлы органдардан еш көмек болмаған. Айтуынша криптовалютаны сатушы шотына сандық ақшаны аудардым деп полицияға арызданған. Қыруар қаржысынан қағылған азамат бұл істе арыз жазған адам мен тәртіп сақшыларының ым-жымы бір деп отыр. Мағжан Бейсен сатушымен 270 мың долларға ауызша келісім жасасқан. Оған жеке электронды әмиянын берген. Алайда сандық ақша шотына түспепті. Мұны дәлелдейтін құжаттар қолымда бар деп отыр. Тергеуші қылмыстық іс қозғау үшін Мағжаннан 100 мың долларын санап алып, тергеу басталғанын айтқан.
Мағжан Бейсен, қала тұрғыны:
Бостандық ауданының полиция басшысының орынбасары Келесбаев Камал 100 мың долларды ғана әкеліп бер. Қайтадан қайтарып береміз деді. Бірақ ертесі без состава преступление, тергеусіз ақшаны арыз жазған адамға бере салды.
Қылмыстық іс қылмыстық құрамның болмауына байланысты прокуратура тарапынан жабылған. Қаулы күшін жойған соң ақша иесіне қайтарылуы тиіс еді дейді Мағжан.
Мағжан Бейсен, қала тұрғыны:
Талабым сол ақшаны заңды түрде берді ғой соларға. Өздерінің жеке шотына. Маған емес, өздерінің жеке шоттарына қайтарып алса екен. Содан кейін барып, нақты шешім шығарса. Мен өзімнің ақ екенімді дәлелдеп тұрмын ғой.
Қорғаушы Олег Чернов бұл жерде тәртіп сақшылары кінәлі дегенді алға тартып отыр. Оған бірнеше дәлелеміз бар. Сондықтан осы іске қатысқан полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы тиіс дейді. Себебі, соңғы кезде мұндай іспен шағым айтушылар көбейген.
Олег Чернов, қорғаушы:
Маған соңғы 2-3 айда дәл осындай жағдаймен он шақты адам көмек сұрап келді. Барлығы мәселеге тәртіп сақшыларының қатысы бар деп күдіктенеді. Біз бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитетіне, прокуратураға шағымдандық. Істі құқық қорғау органдарының тыңғылықты тексергенін қалаймыз.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша алғашында алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, артынша жабылыпты. Жәбірленушінің шағымынан кейін іс қайта ашылған.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жаңа технологияларды пайдаланып, арнайы криминалдық полиция басқармасына қарасты компьютерлік қылмыстарды тергеу бөлімінің мамандары жұмылдырылды. Анық не болғанына біз қол жеткізетін боламыз.
Мағжанның бар талабы өзіме тиесілі қаржыны қайтару дейді. Қазір ақша арыз жазушының қолында. Істің қалай өрбитіні сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Қуан Нұрақын