Басты Жаңалықтар «Қазақфильм» басшысы киностудияның жерін қайтару үшін министрден көмек сұрады

«Қазақфильм» басшысы киностудияның жерін қайтару үшін министрден көмек сұрады

«Қазақфильм»  басшысы киностудияның жерін қайтару үшін министрден көмек сұрады. Сондай-ақ өзге де қиындықтарды жеткізді. Ал, қазақ тіліндегі кітаптарға жанашырлық болмаған соң сұраныс та қамтылмай отыр. Мәдениет министрлігінің алқа отырысында сөз алғандар қордаланған түйткілдерді жайып салды

Жауыр болса да жанды проблема. Қазақ тіліндегі кітаптар жетім бұрышта тұр. «Меломан» желісіндегі дүкендерде елде шыққан туындылардың үлесі 10 пайыз. Себебі, баспалар мемлекеттік бағдарлама тапсырысының үстіне артық таралым шығарып, сатуға құқы жоқ. Дүкен тұрмақ мектеп кітапханаларында да ана тіліндегі кітаптар тапшы. 27-ақ пайыз.

Ақберен Елгезек, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары: 
Мәдениет министрлігі Баспа ісі және кітап саудасы туралы заңды қабылдауға бастама көтеруге тиіс. Ол заң біріншіден, қазір кітап шығару ісінде монополиске айналған көптеген ірі баспалардың ықпалын азайтар еді. Баспалар авторлармен жұмыс істеп, шынайы нарық қалыптастырар еді.

Ал, «Қазақфильм» қаланың меншігіне өтіп кеткен 5 гектар жерін жыл өтсе де қайтара алмай жүр. Енді министрден көмек күтеді. Ал, студияны айтса сырты жылтырақ, іші қалтырақ. Инженерлік желісі 70 жылдан бері ауыспаған. Шіріп жатыр. Әкімшілік-шығармашылық бөлімінде ұрлық, бюрократия, тамыр-таныстық жайлаған. Мемлекет қаржысы далаға кетіп жатыр.

Ақан Сатаев, «Шәкен Айманов» атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті: 
Студия тапқан барлық қаражат қызметкерлердің жалақысы мен әкімшілік-шаруашылық қажеттілігіне жұмсалады. Сондықтан, бізге әлі де өз фильмдерімізді шығару үшін қолдау қажет. Өкінішке қарай, бүгінде киностудия өз фильмдерін өндіруден, студиялық жарналардан табыс тауып отыр. Негізі өз картиналарын сатудан пайда түсіру керек.

Ал, ауылдағы мәдениет үйлерінде материалдық-техника жұтаң. Өнерпаздарға штат аз, әлеуметтік мәселелері шешілмеген.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 
Оған өзім куә болдым. Өздеріңіз де хабардар шығарсыздар, біз қазір министрлікке қарасты барлық ұйымдарды аралап жүрміз. Басты мақсатымыз – жағдайға толыққанды қанығып, проблеманың бәрін айқындау. Содан кейін осы мәселелерді ретімен шешу жоспарын жасаймыз.

Айтпақшы, жеке театрларға алғаш рет назар аударылды. Шақыртуға үрке қарап келген өкіл мәмілеге әзір екенін жеткізді. Тек бір шарты – репертуарларды шектеп, шығармашылыққа тұсау болмаса болды.

Нысаналы Ығыл


Бөлісу