Атырау облысындағы 27 елдімекен ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы 27 елдімекен ауыз суға зәру

14.02.2022

Атырау облысындағы 27 елдімекеннің халқы ауыз суға мұқтаж. Қазір тұрғындардың күні тасымал суға қарап қалған. Жергілікті билік айналасы бес жылда, өңірді дамыту бағдарламасының аясында проблеманы түбегейлі шешуді көздейді. Шалғайдағы ауылға арнайы барған әріптесім Жандос Темірғалидің бейнематериалы.

Ауыз су тапшылығы әсіресе Қызылқоға ауданында өткір тұр. Мұндағы 26 елдімекеннің 13-інде тіршілік нәрі тапшы. Аудан халқының тұрмысы артезиан суына тәуелді. Соңғы уақытта оның деңгейі күрт төмендеп кеткен.
Жандос Темірғали, тілші: 
Ал, бұл Кенбай стансасы. Мұнда 30-ға жуық түтін бар. Ауыл халқы мынау секілді 4 құдықтан су ішеді. Тіршілік нәрі аудандағы Ноғайты өзенінен темір жол арқылы жеткізіледі. Онымен малды да суарады.
Станса халқы аптасына 60 тонна су тұтынады. Кейде оның өзі зорға жетеді.
Жәмилә Есқалиева, Кенбай стансасының тұрғыны:   
Су деген бізде іргеде жүріп жатыр жалпы. Мына жағымызда Жамансор, мына жағымыз Кенбай, екі жақ ішіп отыр. Біз қалып қойып отырмыз.
Аудандық билік жер асты су қоры бар шағын елді мекендерге кешенді блок модульдер орнатпақ. Соркөл, Сарқұмақ сияқты ауылдар жаңа бастаманың игілігін көреді.
Айдулат Кенжебеков,  Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:   
Ал, басқа шағын елді мекендерде жер асты су қоры анықталмағандықтан, тұздылығы сәйкес келмегендіктен бұл жерлерге су құбыры тартылады.
Облыстық әкімдік өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында алдағы 4 жылда 27 ауылға су жүргізбек. Биыл 16 елді мекенге құбыр тартылады. Сондай-ақ, Қызылқоға ауданында «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбыры іске қосылады. Нәтижесінде 289 мыңнан астам тұрғын ауыз сумен үздіксіз қамтылмақ.
Нариман Таушов, облыс әкімінің орынбасары:   
Бірақ та бұл жүйені біздер республикалық балансқа беріп, тиісті министрлік бұл істерді жүргізілетін болады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ол да осы кешенді жоспарда қаралған.
Ал, биылдан қалмай Қызылқоға ауданындағы тіршілік нәрінен тарыққан 4 ауылға су жүргізіледі. Олардың арасында Кенбай стансасы да бар. Кешенді жұмыстар үшін 152 млн теңге қаралып отыр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу