Алматы облысы: Жомарт жандар тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуді қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: Жомарт жандар тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуді қолға алды

14.02.2022

Қайырымдылық - асыл қасиет. Алматы облысы Кеген ауданының жомарт жандары тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуді қолға алды. Азық-түлік жеткізіп, отын-көмірін түсіріп береді. Сондай-ақ жарымжан балаларға арналған оңалту орталығына демеушілік көрсетіп, игі қадамды бастады.

Зейнеткер Кеуелхан Шолпанбаева - 5 жасынан мүгедек. 68 жастағы кейуананың отбасы, бала-шағасы жоқ. Жолдасы 16 жыл бұрын көз жұмған. Денсаулығы нашарлап, төсек тартқан тұста қарияға ауданның жомарт жандары көмек қолын созды.

Кеуелхан Шолпанбаева, зейнеткер:

Екі аяғыма ота жасаттым. Іш құрылысыма операция жасаттым. Қан қысымым жоғары. Жүрегім де ауырады. Көмір, отын-суымды әкеп береді. Жағдайымды қарап, біліп түрады. Азық-түліктерді әкеп береді.

Кәсіпкерлер Кеген ауданындағы 1 жыл бұрын ашылған Оңалту орталығына да демеушілік етеді. Қазір мұнда мүмкіндігі шектеулі 20 бүлдіршін бар. Бүгін оларға ем-домына аса қажетті ойыншықтар сыйға тартылды.

Гүлден Сатыбалдиева, Оңалту орталығының әлеуметтік қызметкері:

Балаларға күндіз 4 уақыт тамақ беріледі. Өзіміз таңертең әкелеміз, жеткізу тегін. Балаларымыз аман-есен осы орталықтан дені сау балалар боп өз аяғымен шықса екен деген ниетпен барлық мамандар жұмыс жасап жатыр.

Аудан ұрпақ тәрбиесінде де тағылымды істерді қолға алды. Алғаш рет халықтың бай мәдениетін жаңғыртатын «Ұлттық мұра» орталығы осы өңірде ашылды.

Алмасбек Нұғман, аудан белсендісі:

Жастарымызды, балаларымызды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге, ұлттық ойындарымызды үйретуге, ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі өзегіміз - ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, осыларды жас балаларға насихаттау барысында ғана ұлт болып қалыптасамыз.

Көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар мен жалғыз басты жандарды тұрғын үймен қамту мәселесі де шешіліп келеді. Қазір ауданда 4 бөлмелі су жаңа 36 үй дайын тұр. Жоспарға сай баспаналар көктемде беріле бастайды.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу