Мемлекеттік орган өкілдерінің қысым көрсетуі салдарынан қарағандылық бірнеше кәсіпкердің бизнесі тұралап қалды
Мемлекеттік орган өкілдерінің қысым көрсетуі салдарынан қарағандылық бірнеше кәсіпкердің бизнесі тұралап қалды. Жөндеу механика зауыты аумағындағы үш бірдей кәсіпорын тұтынушыларын жоғалтып, жалға алған ғимараттың ақшасы мен жұмысшылар жалақысын төлеуге қиналып отыр. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы бизнес өкілдерімен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтады.
Ескі жөндеу механика зауытын 2007 жылы жергілікті кәсіпкерлер өз қаржысына қайта қалыпқа келтірген. Тау-кен, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеумен айналысқан. Алайда осыдан 5 жыл бұрын кәсіпорын қаржылық дағдарысқа ұшырап, қарызға белшеден батқан.
Талғат Тәжібаев, зауыт құрылтайшысы:Бизнес серіктестеріміздің бірінің кінәсінен 2017 жылы қаржылық дағдарыс болды. Салық қарызы өсіп кетті. Сөйтіп бізді банкроттық тығырықтан алып шығу үшін салық органы тарапынан кәсіпорынды оңалту жөніндегі уәкілетті өкіл тағайындалды. Бастапқыда жұмыс жайлап жүрген. Кейін 2020 жылы уәкілетті өкіл ауысып, бар проблема сол кезде басталды. Жаңа келген өкіл тек қарызды талап етіп, сотқа арыз берумен ғана айналысты.
Кәсіпкерлер барлық сотта жеңіп шыққан. Дегенмен зауыт аумағындағы цехтарды жалға алып отырған фирмалардың жұмысы мәз емес. Ешкім мұнда техникасын жөндетуге келгісі келмейді. Тау-кен және өзге де кәсіпорындармен арада соңғы кездері қызмет көрсету жөніндегі келісім-шарттар азайған. Бұрын-соңды осындағы цехтарда 6 фирма жұмыс істесе, енді соның үшеуі ғана қалған. Жақында тағы біреуі кетпек.
Андрей Дерменцев, кәсіпкер:Көп адам бізбен жұмыс істеуге келгісі келмейді. Оңалту жөніндегі уәкілетті өкіл техникаларды, саймандарды аумаққа кіргізі-шығаруға тексерісін тым күшейтіп жіберген. Мысалға тау-кен техникасы сайманын жөндетуге алып кірсе оны иесі қайта алып шығу үшін қиналады. Жоқ құжатты сұрайды. Келген адамның кірген-шыққан қағазы бола тұра осылай істейді.
Цехтарды жалға алып отырған фирмалар түгел кетсе, аумағы ат шаптырым зауытты ұстап тұру мүмкін емес. Ал бұған дейін мұнда жұмыс істеген кәсіпорындар мемлекет қазынасына 300 миллион теңгеден астам пайда әкеліп отырған. Оның үстіне 170 адам осында тұрақты еңбек еткен. Мемлекеттік орган тарапынан өкіл жағдайды оңалту үшін тағайындалғанымен, бизнесіміз керісінше құрдымға кетіп барады,-деп қынжылады кәсіпкерлер.
Ермек Әбілдин, облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы:Мемлекет басшысы айтқан болатын осы кәсіпкерлерге кедергі жасаған мемлекеттік органдар тарапынан қызметкерлер болса, оларды жауапкершілікке тартсын деп. Құзырлы мемлекеттік орган тарапынан келген өкіл бұл өндірісті банкроттық ахуалға әкеліп тіреп отыр.
Жалпы облыс бойынша мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік салаға келтірілген кедергі тым көп. Былтырдың өзінде кәсіпкерлер палатасы 107 арыз бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі 5 миллиард теңгенің мүлкін қорғап қалған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай палата бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы