Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 5 жылға жуық уақыт тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 5 жылға жуық уақыт тоқтап тұр

11.02.2022

Атырау облысы Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 5 жылға жуық уақыт тоқтап тұр. Бөлінген қыруар қаржы жетпей қалды. Ал, елдімекендегі ескі мәдениет ошағы құлаудың аз-ақ алдында. Меншікті тілшіміз Жандос Темірғали баяндасын.

Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйі апатты жағдайда тұр. Салынғанына 70 жылға жуықтаған нысан біркездері бастан аяқ жөнделгенмен көпке ұзамады. Бәрібір шөгіп барады. Қабырғасы қақырап, қасбеті опырылып құлап жатыр. Соған қарамастан мұнда 80 адамнан тұратын 5 өнер ұжымы жұмыс істейді.

Айтжан Нұрханова, Сарытоғай ауылдық мәдениет үйінің қызметкері: 
Өзіміз сырлаймыз. Өзіміз ақтаймыз. Ескі болғасын тұрмайды. Бәрі қайтадан құлап жатыр.

Ауыл халқының жаңа мәдениет үйін күткеніне 5 жылға жуықтады. 260 млндай қаржы бөлінген нысанның құрылысы тоқтап тұр. Екі мердігер де шаруаны оңдырмады. Ғимараттың қалқиып қаңқасы ғана тұр. Ашық-тесік жатыр. Салғырттық танытқан бір мердігердің үстінен іс қозғалып, келісімшарт бұзылды. Екіншісі материалдардың күр қымбаттағанын алға тартып, жұмысты орта жолдан қалдырған.

Жандос Темірғали, тілші: 
Мұндағы жасалған жұмыстың өзінде шикілік көп. Шатыры жабылмаған. Соның кесірінен жағылған сылақ сыз тартып қазір түсіп жатыр.

Құрылысы жыр болған мәдениет ошағы тек сарытоғайлықтар үшін ғана емес, іргедегі бірнеше ауылдың 10 мыңнан астам халқына қажет.

Зұлхарнай Мұқаш, Махамбет ауданының тұрғыны: 
Егер осы нысан салынса өте жақсы болар еді, халық үшін де қоғам үшін де. Мәдениет үйіне жиналатын халықтың саны өте көп болып тұр. Екі мыңның үстінде халық бар. Мәдени шаралар, кештер өткізеді, кездесулер болады. Сол кезде халық үшін қиын болып тұр.

Облыстық әкімдік 200 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы биыл жанданады деп сендірді. Жоба бастан-аяқ қайта жасалып жатыр.

Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
 Жобаны қайта жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, осы 2022 жылдың екінші жарты жылдығында құрылыс жұмыстарын қайта жандандыру жоспары тұр.

Бірақ, жауаптылар жоба құнының тағы өсетінін жасырмайды. Демек, құрылыстың да қашан аяқталатыны белгісіз.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу