АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарының есепшоттары қатаң қадағаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарының есепшоттары қатаң қадағаланады

10.02.2022

Енді АҚШ-та есепшот ашқандар туралы ақпарат алу оңтайланбақ. Бүгін Сенат Қазақстан мен АҚШ арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялады. Заң аясында АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарының есепшоттары қатаң қадағаланады. Әрі отандастарымыз ол жақта жүріп те салық төлеуден жалтара алмайды. Бұл мемлекет бюджетіне түсетін түсімдерді арттыруға сеп. Заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде кредиттік ұйымдардың, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметтерін қамтиды.

Осы режимге қосылмаған жағдайда, халықаралық банк аударымдары сомасының 30% - ы ұсталуы мүмкін. Келісімге сәйкес, біздің тарап елде шот ашқан барлық америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы да ақпаратты беруге міндетті. Заң шетелдегі қаржы жүйесін бақылауға, АҚШ-тағы Қазақстанның резиденттері және азаматтары туралы тиісті ақпарат алуға, Қазақстан қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгін Сенат отырысында Президент жарлығымен Сенат депутаты болып сайланған Ләззат Молдабекқызы ант берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Мүмкіндігі шектеулі азаматтың Парламент Сенатының депутаты болуы Тәуелсіз ел тарихында алғаш рет. Жалпы Мемлекет басшысы бұл санаттағы азаматтардың саяси өмірге белсене араласуына үнемі мән беріп келеді. Ләззат Молдабекқызының Сенат депутаты болуы соның нақты нәтижесі.


Хабарламаларға жазылу