Уақытша ұстау изоляторынан 96 адам босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уақытша ұстау изоляторынан 96 адам босатылды

10.02.2022

Уақытша ұстау изоляторынан 96 адам босатылды. Олар негізсіз қамауға алынған. Бір күннің өзінде Алматы прокуратурасы 24 тұрғынды бостандыққа жіберді. Қазір қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандардың құқығын бұзу бойынша 133 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ішінде құзыретті асыра пайдалану, өлім, азаптау деректері де бар. Бұл туралы Мәжілісте Бас прокурордың орынбасары мәлім етті.

Ерлік Кененбаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Заңсыз іс-әрекеттер, оның ішінде азаптаулар тергеудің бастапқы кезеңінде болады. Адамдар оқиға орнынан полицияға жеткізілгеннен кейін тергеуші немесе жедел уәкілмен оңаша қалады. Ал, олар процессуалдық сипаттан тыс қарым-қатынасқа жол береді. Ұсталғандардың көбі өз құқықтарын білмейді. Қорғаушыны да талап етпейді. Полицияларға бұл тиімді. Себебі ұсталғандармен жұмыс жүргізудің реттелген нақты тәртібі жоқ. Қаңтардағы оқиғалар бұған айқын дәлел.

Бүліктің себебін, ұйымдастырған кімдер және террористік актілерге қатысты істерді анықтау Бас прокуратураға жүктелді. Қадағалаушы органның жедел тергеу тобы 2700 істі тексеріп жатыр. Қатарында 45 лаңкестік акті, 36 жаппай тәртіпсіздік және 15 адам өлтіру бабы бойынша істер бар. Жалпы, Ішкі істер құрылымында 2 жарым мыңнан аса қылмыстық іс тергелуде. Басым бөлігі тонау мен ұрлыққа қатысты. Сондай-ақ қаңтардағы жағдай төтенше жағдай режимі туралы заңның тиімсіздігін көрсетті. Өйткені, заңда қысылтаяң кезде халыққа жедел, әлеуметтік, писхологиялық көмек көрсету ережелері қарастырылмаған. Төтенше жағдайлар министрлігіндегі үш-ақ кеңесі зардап шеккен бүкіл елді айтпағанда, өз мамандарына да жетпеген.


Хабарламаларға жазылу