Теміртау қаласындағы көпқабатты 20 үйде газ жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртау қаласындағы көпқабатты 20 үйде газ жоқ

10.02.2022

Теміртау қаласындағы көпқабатты 20 үйдің тұрғындары газсыз қалды. Жұрт оның орнына электр пештерін пайдалануда. Бастапқыда газ болғандықтан бұл үйлерде үлкен электр пештері үшін жоғары кернеулі тоқ сымдары мүлдем тартылмаған. Бар гәп металлургтер шаһарын көгілдір отынмен қамтамассыз етіп отырған компанияда. Кәсіпорынның барлық қызметкері жалақының аздығынан түгел жұмыстан шығып кеткен.  

 Вера Журавлева, Теміртау қаласының тұрғыны: 

Жағдайымыз өте қиын. Барлық үйлерге бастапқыда газ тартылған. Шағын тоқ пештермен отырмыз. Мәселені бірнеше мәрте көтеріп, шағымымызды айттық. Ештеңе шешілмеді. 

Ал газбен қамтамасыз ететін компанияның басшылары соңғы уақытта кәсіпорын шығынға батқанын жеткізді. Айтуларынша газдың әр келісін 192 теңгеден сатып алып, оны тұтынушыларға 96 теңгеден беріп отырған. Салдарынан компанияның ақшасы түгесіліп, жұмысшыларына жалақы төлей алмай қалған. Бұған дейін 70-80 мың теңге айлық алған 10 адам бір-ақ күнде жұмыстан кеткен. Тұрғындар үшін уақытша болса да кәсіпорын ауласында қалып қойған газ қорын тасымалдайтын ешкім жоқ.

Анастасия Головченко, «Темір-газ» ЖШС заңгері:

 Біздің кәсіпорын автогаз және баллондағы газ тұтынушыларына қызмет көрсетеді. Қаңтар оқиғасынан соң сұйытылған газды 70 теңгеден асырмау міндеттеліп, шығынға баттық. Себебі тоннасын 190-200 мың теңгеден аламыз. Қызмет көрсету барысындағы шығындар бар, жұмысшылар жалақысын беруіміз керек. Соңғы уақытта компанияға ешқандай пайда келмеді.


Хабарламаларға жазылу