Шығыс Еуропада соғысқа әзірлік жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Еуропада соғысқа әзірлік жалғасып жатыр

09.02.2022

Бүгін Украинаға Америка Құрама Штаттарынан қару-жарақтың жаңа партиясы жеткізілді. Бұл – Вашингтон Киевке уәде еткен 200 миллион долларлық қорғаныс көмегінің бір бөлігі.

Айта кетсек, Ресей Украинаға басып кіреді деген қауіп бірнеше айдан бері сейілмей тұр. Мәскеу бұл болжамды үнемі жоққа шығарып келеді. Алайда, оған сенбеген НАТО Шығыс Еуропадағы қорғанысын күшейтіп жатыр.

Осыдан бірнеше сағат бұрын АҚШ жауынгерлерінің жаңа легі Польшаға жетті. Таяуда президент Джо Байден Еуропаға қосымша 3 мың сарбаз жіберетінін жариялады. Сол контингент қазір Румыния мен Германияға да орналасып жатыр.

Украина шекарасының бойына 100 мыңнан астам әскер жөнелткен Ресей болса, ертең Беларусьте 10-күндік ауқымды жаттығуды бастайды. Оған 30 мыңдай адам күші мен Су-35 ұшақтары, «Искандер» ядролық ракеталары, С-400 зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі, танкілер мен артиллерия қатысады.

Беларусь оппозициясына сенсек, Мәскеу енді бұл әскерді елден әкетпеуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу