«Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылды

09.02.2022

Үкіметтің жұмысы халыққа түсінікті, әрі ашық болуы шарт. Президент берген тапсырмалар жайлы жиі есеп берілу керек. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Премьер министрге осындай сауал жолдады. Оның сөзінше Президент кедейшілік тақырыбын ашық айтып, халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бір ай өтті, Үкімет өз деңгейінде еңбектенген болар, десе де «Жаңа Қазақстан» философиясы ашық диалогты, шынайы дискуссияны талап етеді. Жабық стилде жұмыс істеу, бағыт бағдарды елге түсіндіре алмау стилі артта қалу керек деді депутат.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы орайда, Әлихан Асханұлы өзіңіздің, Үкімет мүшелерінің Мәжіліске, қоғам өкілдерінің қатысуымен, Президент берген келесі тапсырмалар: Кедейшілікпен күрес, жастар мәселесі; Кіші және орта бизнес проблематикасы, Сыртқа заңсыз кеткен капиталды қайтару проблематикасы, «Самұрық-Қазынаны» реформалау, РОП - ты оңтайландыру мәселелері бойынша есеп бергендеріңіз абзал. Халық, қоғам Президент тапсырмаларының қалай орындалып жатқандығы, қандай жоспар бар, тапсырманы орындауда қандай қиындықтар бар екендігі жөнінде ашық, бүкпесіз хабардар болуы қажет.
Президент тапсырмаларының орындалу барысын Мәжіліс депутаттары тікелей қадағалауына алмақ. Осы мақсатта депутаттар бастамасымен «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылды. Күні кеше Президент елімізде атқарылатын біраз маңызды мәселелерді айқындап, нақты міндеттерді қойды. Жалпы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Президент нақты бастама көтерді. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт. Топ үкіметпен бірлесе отырып, өзекті мәселелерді шешуге ынталы.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Президентіміздің Қазақстанды жаңартамын, дұрыс арнаға бұрамын деген ақ ниеті бар. Ал, біз, ел болып оны бірауыздан қолдауымыз қажет. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешіуге қызмет етеді. Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі.

Хабарламаларға жазылу