Ақмола облысында биыл 8 көпқабатты үй салынып бітеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында биыл 8 көпқабатты үй салынып бітеді

08.02.2022

Ақмола облысында биыл тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Облыс орталығының өзінде 8 үй жыл аяғына дейін салынып бітеді. Сондай-ақ, осы жолы аудан орталықтарында баспана салуға басымдық беріліп отыр.

 Ермек Елберген, тілші: 
Щучинск қаласындағы әрқайсысы 45 пәтерлі болатын үш үйдің құрылысы былтыр басталған еді. Қазіргі уақытта біреуінің 2-інші қабаты, ал қалған екі үйдің іргетасы қаланып болды. Бұл 3 нысан да жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Щучинск қаласына тоғыз жыл бұрын көшіп келген Жасұлан Ашкеевтің баспана кезегіне тұрғанына біраз болды. Үш баласы бар. Төртінші нәрестені күтіп жүрген отбасы, жуырда көпбалалы жанұялардың қатарына қосылмақ. Сондықтан биылдан қалмай өз үйім болса деп армандайды.

Жасұлан Ашкеев, Щучинск қаласының тұрғыны: 
19-ыншы жылы өзім де баспанаға кезекке тұрған болатынмын. Жақын арада сол кезектен бір пәтер алуға үміттімін.

Ал Көкшетаудың өзінде биыл көпқабатты 8 үй салынбақ. Пәтерлер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. Облыс орталығында жалпы баспанаға мұқтаж 9 мыңнан астам адам бар. Солардың бірі - Мапруза Омарова, 17 жылдан бері пәтер жалдап келеді.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлер Сарыарқа шағын ауданында бой көтеруде. Құрылысшылар мерзімінде үлгеруі үшін қазір жұмысты үдете түскен.

Марат Омаров, құрылысшы: 
Тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз. Жалақымыз да жақсы. Кешіктірмейді. Жалпы бұл шағын ауданда жаңадан салынып жатқан үйлер көп. Мына баспананы да жақында тапсырамыз.

 Жаңа ауданда тұрғын үйлерден өзге әлеуметтік нысандар да салынып жатыр. Алайда, проблема да жоқ емес.

Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі: 
Кірпіш, бетон плиталар тапшы болып тұр. Алайда, біз оны күнделікті жұмыс кезінде шешіп жатырмыз. Кейде қаржыландыру жетпей жатады. Облыстық, республикалық бюджеттен көмек берілуде. Материалдардың қымбаттауына байланысты 8 жобаға түзетулер енгізіледі. Қазір 16 үй салынып жатыр. Оның жартысын биыл аяқтаймыз.

Жалпы Ақмола облысында жоспарға сәйкес биыл 14 жалдамалы, ипотекалық несиеге 22 үй беріледі. Барлығы 1600 пәтер. Оған қоса, жеке меншік компаниялар салып жатқан тұрғын үйлер тағы бар.


Хабарламаларға жазылу