Басты Жаңалықтар Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың жоспары қашан толық талқыланатынын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың жоспары қашан толық талқыланатынын айтты

Президенттің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жалпы еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары да пысықталды. Талқыланған сұрақ көп. Өңірлерді дамыту, газ бағасы, жұмыссыздықты жою мен жалақыны арттыру секілді маңызды мәселелер тізбегі жетіп артылады. Дарын Сағитов тарқатады.

Соңғы мәліметтер бойынша бизнес 100 млрд теңгеден астам шығынға ұшырады. Қазір елдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына түзетулер енгізілді. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке шұғыл 108 тапсырма берген болатын. Оның 44-і орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Жаңа Үкіметтің алдында еліміздің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл өте маңызды міндет. Сондықтан оны басымдықтардың бірі ретінде санауымыз қажет. Жоспарланған реформаларды жүзеге асыру және инфляцияны төмендету басты міндеттердің бірі. Ең бастысы азаматтарымыздың табысын арттыруымыз қажет.

Қазір барлық аймақтарда қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың сөзінше коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілді. Жанар-жағармайға және газға шекті бағалар белгіленді. Отырыста көгілдір отынның құнына қатысты нақты шешім айтылды. Сонымен, газ бағасы алдағы 2 жыл бойы былтырғы деңгейде қалады. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі : 
Ішкі нарық қосымша 150 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етілетін болады. Шикі және тауарлық газдың бағасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өткен жылғы желтоқсандағы деңгейінде бекітілетін болады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын реформалау – уақыт талабы. Отырыста көтерілген мәселенің бірі осы. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Қазір қор мемлекеттік сатып алуға жетекшілік жасайтын 55 қызметкерді жұмыстан босатты. Жемқорлықты жою бағытында кешенді жоспар да бар. Президент «Самұрық-Қазынаны» реформалау мәселесіне 10 күннен кейін қайта оралатынын айтты. Кешенді шара кезінде қандай проблемаларға басты назар аудару керектігін қайта еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Біріншіден, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы. Бұл туралы мен осымен үшінші жыл айтып келемін. Әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Онымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге де байланысты. «Самұрық-Қазына» құрылыс және қайта жарақтау саласында ауқымды жұмыс атқарады. Әдетте белгілі бір компаниялар ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл, әрине, біріншіден, жұмыстың сапасына, екіншіден, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді.

Алматы – еліміздің ең ірі қаржы орталығы. Ерекше қала. Қазір шаһарда екі өзекті мәселе бар. Біріншісі – жұмыссыздық. Екіншісі – қымбатшылық. Мегаполистегі рухын жаңғыртып, халықтың қалыпты күйін қайтару аса маңызды деді Президент. Бұл ретте жаңа тағайындалған шаһар басшысына үлкен міндеттер жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Алматы тұрғындарының көңіл күйін жақсы қалыпқа келтіру маңызды. Нақты мәслелерді біз менің осы қалаға наурыздың басында жасайтын жұмыс сапарым кезінде талқылаймыз. Ол жақта шынымен де проблемалар бар. Олармен Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев та айналысқан болатын. Бірақ қалай болса да жалпы алған бағыты дұрыс болды. Сондықтан осы бағытта жылжу керек. Менің ойымша, сіздің алдыңызда Алматының қауымымен тығыз жұмыс істеу керек болады. 

Өткен жылы Маңғыстау облысында 62 ұжымдық еңбек дауы тіркелген. Басты талап - жалақыны арттыру. «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары мен мердігер компания қызметкерлерінің жалақысында айырмашылық көп. Маңғыстау облысындағы ахуал күрделі. Мәселе бар, оны шұғыл шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірді дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданды. Құжат биыл да пысықталды. Аймаққа қомақты қаржы бөлу жоспарланған. Қаражат бірінші кезектегі міндеттерді шешуге жұмсалуы тиіс. Бірақ қабылданған шараларға қарамастан еңбек ұжымдарының наразылығы күшейіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Оны ашық айту керек. Жұмысшылардың барлық талабын мұқият қарау керек. Олардың заңды құқықтары мен мүдделері сақталуға тиіс. Кәсіподақ жетекшілерімен және жұмысшылары шеруге шығып жатқан компания иелерімен сындарлы диалог орнату қажет. Наразылық білдірген азаматтардың проблемаларын шешу үшін Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры тығыз жұмыс істеуі тиіс. Қажет болса үкіметтік арнайы комиссияны тағы да Маңғыстау облысына жіберу керек.

Жиында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары пысықталды. Өткен жылы экономика 4 пайызға өскен. Алайда, инфляция деңгейі межеден асып, 8,4 пайызды құраған. Ендігі мақсат - отандық экономиканы қалпына келтіру.

Дарын Сағитов


Бөлісу