Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнесіне залал келген 260 кәсіпкердің шығыны өтеледі. Соңғы бір тәулікте 36 азаматтың өтінімі қабылданған. Оның бесеуі бюджеттен, қалғаны қайырымдылық қоры есебінен қаржыландырылады.
Арнайы комиссияның есебі бойынша 456 млн теңгенің өтемақысы төленеді. Қалада ең алдымен шығыны 5 млн теңгеден аспайтын шағын және микро бизнес ұйымдарының өтінімі қаралуда. Кәсіпкерлік нысандарға келтірілген шығынды өтеу үшін қолданыстағы ережелерге түзетулер енгізіліп жатыр. Мәселен, осыған дейін өтемақы жеке аудиторлар мен бағалаушылардың қызметтеріне арналған шығындарды қамтыған. Енді кәсіпкерлерге жеке адвокат жалдауға мүмкіндік беріледі. Сот сараптамасын жүргізуге бағытталған қызмет бюджет қаржысы есебінен өтеледі.