Жүрек қолқасындағы күре тамырдың орнына мұздатылған жасанды протез қойып, бұрын еліміздің медицинасында болмаған операцияны жасаған кардиохирург жұмыстан шығарылды. Мұны Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ресми мәлімдеді.
Кардиохирург Әділжан Әлбазаров - алты баланың әкесі, 39 жастағы Қайрат Қайранбековке қолқа доғасының орнына мұздатылған жасанды протез салып, ажалдан аман алып қалды. Павлодардағы операция жылдам жасалып, рекордтық уақытта аяқталды. Бастысы сырқаттың денсаулығына қауіп жоқ. Ал күрделі операцияны жасаған хирург әрі аймақаралық кардиоорталық директоры Әділжан Әлбазаров келесі күні жұмыстан қуылды.
Айдар Сейітқазинов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Хирург ретінде өте мықты маман. Бірақ мекеме басшысы болғандықтан, бірінші кезекте қаржылық жауапкершілік талап етіледі. Алдымен соған жауапты. Ал Мемлекеттік ішкі аудит департаменті кардиорталықты тексеріп, бірқатар заңбұзушылық деректерін анықтады. Соған байланысты біз оны жұмысынан шығардық.
Қазір бұл істі Экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті қарап жатыр. Өкілетті ведомства әзірге қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал кардиорталықтың экс-директоры аудиторлық тексеруге қатысты сот үкімі шықпай, жұмыстан қуылғанын заңсыз деп санайды. Сондықтан басқарманы сотқа бермекші.