Басты Жаңалықтар Азиада: Чемпиондар елге оралды

Азиада: Чемпиондар елге оралды

Азия ойындарында ел қоржынына 2 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль қосқан спортшылар елге оралды. Оларды Алматы халықаралық әуежайында жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.

Құрлық додасында қазақстандық спортшылар бірнеше спорт түрінен жүлдеге ілікті. Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал Алуа Балқыбекова, Наталья Богданова, Махмұд Сабырхан қола медаль иеленді. Сондай-ақ, дзюдодан Елдос Сметов, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлдеге қол жеткізді. Екатерина Токарева қола медаль алса, Ғұсман Қырғызбаев жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ал слаломда есуден Анастасия Ананьева мен Екатерина Таранцева қола жүлдеге ие болды. Енді Азия ойындарында алтын медаль иеленген спортшыларға 10 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 5 мың доллар, ал қоланы қанжығасына байлағандарға 3 мың доллар теңге сыйақы беріледі.

Төрехан Сабырхан, ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы:
Мен осы жетістігімді қазақ еліне арнаймын. Бұл алтынға 12 жыл болған екен. Аллаға шүкір, соны алғаш болып алғаныма қуаныштымын! Жарыста төрт бой өткіздім. Керемет-керемет жекпе-жек өткіздім. Қарсыластарым керемет дайындалып келген. Білесіздер, Азия чемпионатында Иродания боксшысына есе жіберген болатынмын. Сол есені Азия ойындарында қайтарғым келді. Аллаға шүкір, керемет қайтардым.
Айбек Оралбай, ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы:
Төрт жылда бір рет келетін жарыс болғандықтан өте тыңғылықты түрде чемпион болу үшін дайындалдық. Оның алдында АҚШ-та болдық. Өте пайдасын тигізген оқу-жаттығу жиыны болды Америкада. Бұйырса, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда әлем чемпионаты бар. Ең басты мақсатымыз – 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін Олимпиада. Барлықтарыңызды Олимпада ойындарында осылай алтын медальмен қуантқым келеді.


Бөлісу