Басты Жаңалықтар «Қазақстан антологиясы»: Мемлекет халық үнін қалай естиді?

«Қазақстан антологиясы»: Мемлекет халық үнін қалай естиді?

«Қазақстан антологиясы»: Мемлекет халық үнін қалай естиді?

Ауладағы шам жанбай қалса, жолдағы шұңқыр көбейсе немесе қоқыс уақытында шығарылмаса, көпшілік әуелі реніш білдіріп, кейін күнделікті тіршілікпен оны ұмытып кетеді.  Алайда сол мәселені тиісті мекемеге жеткізген бір азаматтың өтініші  кейде тұтас ел  үшін маңызды өзгеріске себеп болуы мүмкін.

Бүгінде халық пен мемлекет арасындағы мұндай  кері байланысты қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі – «e-Otinish».


2021 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған жүйе азаматтардың өтініштерін бір цифрлық платформаға жинақтап, олардың қаралу барысын бақылауға мүмкіндік берді.

Бауыржан Мұқатай, ҚР азаматы:

Өтініштерімінің көбі қоғамдық орындардағы маңдайшалардағы қате, қазақша жазудың жоқтығы және өзімнің тұрмыстық мәселелерімді шешу болды. Есіме түсіп тұрған  жағдай ол – көше атауындағы қате. Астана қаласындағы Әлихан  Бөкейхан көшесінің жазуында Ә. Букейхан деп «у» әрпімен жазып қойған екен. Соны да түсіріп алып жіберген болатынмын. Қиылысын, нақты уақытын бәрін... Көп күттірмей 1-2 апта ішінде нәтижеге көзім жетті. Қате түзелді.



Жүйенің ауқымы да үлкен. 2026 жылдың тамызындағы жағдай бойынша, «e-Otinish» арқылы 3,2 миллион азаматтан 16 миллионнан аса өтініш қабылданған. Жүйеге 26 мыңнан аса ұйым қосылып,  келіп түскен сауалдармен   380 мыңнан аса маман  жұмыс істеген.

Айбол Қозбағаров, Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын бағалау және бақылау департаменті өкілі:

Егер арызда көтеріліп жатқан мәселе арыз жолданған мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның құзырына кірмейтін болса, сол лауазымды тұлға 3 күннің ішінде тиісті мемлекеттік органға жолдауы тиіс. Ал егер сол мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның тікелей құзыретіне кіретін болса, өзінің қарауына алып, 15 жұмыс күні ішінде сол арызға жауап береді. Азаматтардың ең көп қателесетіні – арызды қай мемлекеттік органға жолдау керегін білмей, уақыт жоғалтып жатады.

Бірақ бұл жердегі ең маңызды көрсеткіш – жарты жылда 16 миллион хат түскені емес. Ең таңғаларлығы – келіп түскен өтініштердің ішінде шағымдардың үлесі небәрі 5-7 пайызды ғана құрайды.  Азаматтар ақпарат сұрайды, түсініктеме алады, ұсыныс білдіреді, өз мәселесін нақтылайды. Демек «e-Otinish» – тек шағым жазатын портал емес, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы нақты диалог алаңы.

Ал миллиондаған өтініштің тағы бір маңызды қыры бар. Бір адамның мәселесі жеке жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бір мәселе бойынша ондаған, жүздеген, мыңдаған азамат өтініш білдірсе, бұл – мемлекет үшін маңызды сигнал.

Қай өңірде жол мәселесі бар, қай жерде су тапшылығы байқалады, қандай мемлекеттік қызметке қатысты қиындық көп – мұның бәрі азаматтардың өтініштері арқылы көрінеді. Сондықтан «e-Otinish» біртіндеп мемлекеттік басқару үшін маңызды дерек көзіне айналып келеді.

Бүгінде осы деректерді талдау үшін жасанды интеллект құралдарын енгізу де қолға алына бастады. Оның мақсаты – жай ғана автоматты жауап беру емес, қайталанатын мәселелерді анықтап, олардың себептерін саралау және жүйелі шешімдер қабылдауға көмектесу.

Дегенмен халық үніне құлақ асу – айтылғанның бәрін орындау деген сөз емес. Кей жағдайда азаматтардың талаптары бір-біріне қайшы болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттің міндеті – әр тараптың пікірін тыңдап, дерек пен заңға сүйене отырып, әділ шешім қабылдау.

Бағдарламаның толық нұсқасын көру. 


Бөлісу