Депутаттардың халықпен кездесу форматы қайта қаралады
Депутаттардың халықпен кездесу форматы қайта қаралады. Мәжіліс төрағасы бүгін халық қалаулыларына осындай міндет қойды. Ерлан Қошанов депутаттар корпусының жұмысына қатысты өзгерістерді айтты.
Асима Нұрбайқызы, тілші:Жаңа төраға жаңа міндеттермен келді. Алғашқы отырысты басталмас бұрын депутаттар ден қоятын мәселелерге тоқталды. Халық. Әл-ауқат. Сапалы заң. Барлық жұмыс осы үшеуіне бағытталуы тиіс. Сондықтан алдағы уақытта жұртшылықпен кездесу форматы өзгеруі мүмкін. Төраға Парламент жұмысының ашықтығын қамтуды алдыңғы орынға қойды.
Бұдан кейін бірқатар заң жобасы талқыланды. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының салмақты саласы. Алайда, агро кешеннің жұмысында шикілік көп. Әсіресе асыл тұқымды мал шаруашылығына қатысты қордаланған шаруа шаш етектен. Оларды шешу үшін заңды реттеу керек. Алайда, өзекті сұрақтар көкейде қалғанға ұқсайды. Қошанов құжатқа атүсті қараған депутаттарды қоштамады.
Созбақтамай, төраға негізгі сұрақты төтесінен қойды. Өйткені, министрліктің жұмысына қатысты қоғамда сын көп. Субсидия сергелдеңі, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық аяқ бастырмайды. Себеп - заң солқылдақ.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:Ол неліктен болды? Ол біріншіден жергілікті жердегі қолдардың таза еместігінен. Екіншіден біздің заңдардың соған тосқауыл қоя алмауынан. Сол бойынша мен бүгін сұрақтардың ішінен сондай сұрақ бола ма деп күтіп ем. Өкінішке қарай болмады.
Бүгін сондай-ақ Мәжіліс қауіпті қалдықтарға қатысты құжатты мақұлдады. Соған сай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібі белгіленді. Ал жеке тұлғаларға трансшекаралық өткізуге тыйым салынды.
Асима Нұрбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
