Ұлыбритания премьер-министрі Украина армиясының Ресейге «қанды қарсылық» көрсететінін ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания премьер-министрі Украина армиясының Ресейге «қанды қарсылық» көрсететінін ескертті

02.02.2022

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Киевке сапар шегіп, Ресейді Украина маңынан әскерін әкетуге шақырды.

Оның сөзінше, соғыс басталып кетсе, Украинаның 200 мыңдай қыз-жігіті кескілескен шайқаста «қанды қарсылық» көрсетуге дайын. Ал президент Владимир Зеленский өз елінің Британиямен, Польшамен жаңа альяс құратынын жариялап, армия қатарына тағы 100 мыңдай адам тарту туралы қаулыға қол қойды. Украина басшысының ескертуінше, Ресеймен арадағы жанжал Еуропада ауқымды соғысқа ұласып кету мүмкін.

Айта кетсек, соңғы апталарда АҚШ, Ұлыбритания және өзге елдер Украинаға әскери мақсаттағы тауарлар жөнелтіп жатыр. Сейсенбі күні сондай жүктің алтыншы партиясы Киевке жеткізілді.

Украина Қорғаныс министрі Алексей Резниковтың сөзінше, Құрама Штаттар бұл мемлекетке жалпы алғанда 500 тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жіберген.

Донбасс маңына 100 мыңнан астам жауынгер шоғырланған Ресей болса, Украинаға басып кіру жоспары жоқ екенін мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу