Қаңтар оқиғасы: Зардап шеккен 17 кәсіпкерге 33 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Зардап шеккен 17 кәсіпкерге 33 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді

01.02.2022

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнесі зардап шеккен 17 кәсіпкерге 33 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді. Шағын және орта бизнес шығындарын өтеуге өтінімдерді қарау бойынша өңірлік комиссиялар жұмысы әлі жалғасуда.

Бизнесі бүлінген 17 кәсіпкерге 33 млн теңге өтемақы төленді

Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Гүлжан Кардиеваның дәріханасына бір топ адам басып кірген. Айтуынша, екі ноутбук пен дәрі-дәрмектерді қолды еткен. Іске полиция араласып, шығын көлемі дер кезінде анықталды.

Гүлжан Кардиева, дәріханалар желісінің меңгерушісі:

Шығынымызды есептедік. 1 млн 200 теңге болды. Бейсенбі күні құжаттарды тапсырған едім. Кеше дүйсенбі күні шотымызға ақша түсті.

Аркенжан Әбдікәрімұлы - алғашқы болып өтемақы алған 17 кәсіпкердің бірі. Балалар киімін сататын дүкенін бұзақылар қиратып, тауардың бірін қалдырмай тонап кеткен. Соның кесірінен 3 млн теңгеден аса шығынға батқан.

Аркенжан Мырзабаев, кәсіпкер:

6 қаңтар күні сауда орталығына полиция шақырдық. Тергеу бригадасы барлығын тексеріп, шығынды есептеп, дәл осы жерде өтінішімізді қабылдады. Үш аптаға жетпей, өтемақымызды алдық.

Аркенжанның дүкені орналасқан сауда үйінде 100-ден аса дүңгіршекке зақым келген. Бірі тоналса, екіншісін қиратып, артынан от қойып кеткен. Бизнес иелерінің басым бөлігі өтемақы алу үшін сот сараптамасының нәтижесін күтіп отыр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Тәртіпсіздік кезінде бүлінген мына сауда үйінде қазір қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Десе де, әлі күнге дейін сол күйі жатқан дүкендерде жоқ емес. Мәселен, мына киім-кешек сататын орында сот сараптамасының нәтижесі әлі шықпағандықтан, барлығы сол қалпында жатыр.

Қалалық кәсіпкерлік басқармасының хабарлауынша, ертеңнен бастап тағы 100 шақты кәсіпкерге өтемақы аударылады. Тиісті құжаттары толық болмағандарға да жеңілдік қарастырылған.

Қанат Сағындықов, қалалық Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

infokazakhstan.kz жүйесіне бүгінгі таңда 1500 адам өтініш қалдырды. Түсіндірме жүргізіп жатырмыз. Сондай жанып кеткен, жоғалтып алған құжаттары болса, арыз жазып, анықтамасын тіркеуге болады.

Алматы қаласында қазір кәсіпкерлерге келген шығындарды есептеп, жедел өтемақы төлеу ісімен 33 маман айналысып жатыр. Оған қоса 68 сот сарапшысынан тұратын қосымша жұмыс тобы құрылған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу