«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі: Алға қойылған міндеттер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі: Алға қойылған міндеттер

30.01.2022

Осы аптада «Nur Otan» қатарынан жүздеген адам шығып кетті. Мысалы, Семей қалалық мәслихатының депутаттары Дулат Қажмұханбет пен Айдос Қисаменовтің сенімі сарқылып, партиядан көңілі қалған көрінеді.

«Қаңтардағы қайғылы оқиға бойынша «Nur Otan»-ның Семейдегі филиалы, облыстық филиалы партия ретінде абыройынан жұрдай болды. Оқиғаның басынан аяғына дейін болған жайтты бір рет те талқыламадық. Жауапты сәтте әрекетсіз отырған партия филиалынан көңілім қалды. Жаңа Қазақстанды тозығы жетіп, көгерген іргетасқа орнату мүмкін емес" деген Қисаменов әлеуметтік желідегі парағында.

Бірақ кей сарапшы жария түрде партиядан шығуды «суға батып бара жатқан кемеден қашу» деп бағалайды. Ал еркінен тыс мүше болған қарапайым азаматтар, қарапайым мамандар – мұғалімдер, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері әрине, үндемей-ақ шығып кетіп жатқан шығар

Сонымен «Nur Otan» партиясының съезінде Президент Қ.Тоқаев төрағасы болды. Дегенмен цитата:...Бәлкім осы жылдың ішінде «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек, деді.

«Nur Otan» мемлекеттік әміршіл-әкімшіл аппарат мәртебесінен айырылады-ау. Альбина Әшімнің материалы. 

22 жылдық тарихы бар «Нұр Отан» партиясының съезін көптің тағатсыздана күткені алғаш рет шығар. Шынайы қызығушылықпен. Ребрендинг бола ма? Тоқаев партияны тарқатып тастай ма? Төрағалықтан бас тартатын шығар? Бірақ көпшілік күткен үлкен бір өзгеріс болмағандай көрінеді. Съезге үстіртін қарасақ...

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:

Соңғы бір жарым жыл ішінде партияда күрделі жүйелік өзгеріс болды. Соның соңғы кезеңі партия басқаруды толығымен қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру деп білемін. Партияны президент сайлауында үміткер ретінде ұсынылған әрі қолдау тапқан адам басқаруы тиіс.

Төрағаға дауыс беру формалды процессіне тоқталмай, тоқетеріне бірден көшсек. Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев төраға болды. Бірақ санаулы айларға ғана сыңайлы. Президент жыл соңына қарай бұл мәселе қайта қаралатынын айтты. Өйткені мемлекет басшысы партиялар мен қозғалыстардан бірдей қашықтық ұстауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Менің конституциялық міндетім – барлық билік тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Әрине, бұл жәйт президенттің кез-келген партия мен қозғалыстың қызметінен алшақ болуды талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім, осы жылдың соңына қарай менің Nur Otan-ға төрағалық етуім қаншалықты орынды екенін қайта қарауымыз мүмкін.

«Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі» саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек. Демек президент төрағалықты уақытша атқарады-ау.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Мүмкін, Президент айтты ғой, жылдың соңына қарай мен әлі ойланамын, партиядан алшақтау мәселесін. Басқа саяси партиялардың белсенділігін арттыру үшін жасап отырған шығар. Өйткені президентпен байланысты болғаннан кейін оның мысы басым болады да, басқа партиялардың бәсекелестікке реті келмей қалады.

Әзірге партияны реформалау айтылды. Кесте. Иә, 22 жылда «Нұр Отан» талай «жаңарып», «жаңғырды». Алғашында «Отан» болып, кейін нұрлана түсіп, соңғы жылдары латынша жазылып, халықтық-демократиялық деген анықтауыштан бас тартты. Бірақ аты ауысқан партияның заты қандай? Қасым-Жомарт Тоқаев «беделі жоқ» деген баға берді. Өйткені қаңтардағы қырғында «нұротандықтардың» басым бөлігі бейтарап қалып, «сен тимесең, мен тиме» деп отыра берді. Басқаны былай қойғанда, партия қатарынан жүздеген адамның шығып кеткені дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәслихат депутатының төсбелгісін өңірлік элитаға қатысын білдіретін алдамшы атрибут немесе жоғары кабинеттерге рұқсаттама деп қарастырмау керек. Бұл оның халық атынан сайланғанын және халық мүддесі үшін жұмыс істеуі қажеттігінің айғағы. Депутаттар осы түбегейлі айырмашылықты нақты түсінуі керек. Әзірге біздің депутаттардың азаматтар арасында лайықты беделі жоқ.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Өкінішке орай бейбіт шерулерде депутаттардың белсенділігін көрген жоқпыз. Ал былай қарасаңыз, халық қалаулылары. Депутаттық значокты ұстап жүру тек билік ретінде қалды да, ал іс жүзінде депутаттар қауқарлығын көрсете алмады.

Съезде Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі де сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президенттің осы күнге дейін атқарған істерін жоққа шығармауға шақырды.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қиын тарихи кезеңде мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алды. Бұл, шын мәнінде, өте ауыр міндет еді. Экономика құлдырап, инфляция шарықтап, әлеумет күйзеліске түскен. Сол кезде ол нарықтық экономиканы қалыптастыруға, жан-жақты реформаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті. 90 жылдардың ортасында мемлекеттік шекараны заңды түрде рәсімдеу жұмысы басталды. Кейін делимитация, демаркация жұмыстары аяқталды.

Бұл бағыттағы сөзін «Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді» деп қортындылады. Дегенмен, Сингапурды басқарған Ли Куан Ю-ді мысалға келтіргені – бәріне төреші тарих екенін меңзегені сияқты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Сингапурде 4 жыл жұмыс істедім. Ли Куан Юмен кездесу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде оның жасы 50-де еді. Сол жылдары оның қызметін бақылап, кітаптарын оқыдым, сұхбаттарын тыңдадым. Өмірде ол демократияшыл көшбасшы бейнесінен алыс еді. Ал оның «жемқорлықты жою үшін жақын 2-3 досты түрмеге отырғызу керек» деген сөзі аңыз ғана. Ол бұлай деген емес. Керісінше, ол отбасылық-рулық корпорация тұжырымдамасының негізін қалап, өмірінің соңына дейін үкіметтің аға министрі мен ақылшысы ретінде отырған. Жалпы, билікте 50 жылдан артық уақыт болған. Сондықтан Ли Куан Ю үлгі тұтуға жарайтын тұлға ма, белгісіз.

Таныс көрінген сингапурлық сценарийден Қазақстанға оралсақ. Қаңтардағы оқиғалардың бірден-бір себебі: жүйені жайлаған жемқорлық. Құлап бара жатқан «доминоның» бір тасы «Nur Otan»-ға барып тіреледі. Ел бойынша партияның 238 қоғамдық қабылдауы бар. Азаматтардың мұң-мұқтажын білу, көмектесу, жүйелік проблемаларды орталыққа жеткізу – олардың басты міндеті. Алайда президент бұл жұмыста да, фракцияның отырыстарында да формализм көп екенін сынады. Қаңтар қасіреті жастардың өмірден өз орнын таба алмай, сансырап кеткенін ашып берді. Осыны Нұр Отан депутаттары білмеді ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Jas Otan»-ның нақты жұмыс үшін үлкен мүмкіндіктері бар. Ел бойынша жастар қанатының 100 мыңнан астам мүшесі бар. Бірақ осы ресурс дұрыс пайдаланымады. Бізге қалаларда жұмыссыз жүрген жастар мәселесін реттеу керек.

Мемлекет басшысы «қасіретті қаңтар» оқиғасының тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауыр сынақ болғанын атап өтті. Жағдайдың одан әрі ушықпай, мемлекеттігіміздің сақталып қалуына үлес қосқан саналы азаматтарға алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз.

Ал «Нұр Отан» партиясы өзін-өзі түбегейлі жаңарту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев партия құрамындағы тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлғаларды алып тастап, ел ішінде беделі бар мемлекетшіл азаматтарды тартуға, басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайталамауды, мәслихат депутаттарының рейтингісін жасауды айтты. Тапсырмасы көп. Бастысы – биліктің бір бұтағы сияқты сезінуді қою керек. Және қажет кезде тығылып қалу деген болмайды. Президент «тығылмақ» ойнап жүрген бизнесмендерді де қайта түйреп өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олигополияның бөлігі, тіпті, оның бейнесі болып табылатын кейбір бизнес өкілдері мемлекет басшысы ұсынған қайырымдылық шарасына қатысуға асықпай отыр. Бұл не?Сараңдық па, нигилизм бе, салғырттық па? Әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да бұл сауалға жауап алу үшін мемлекеттің толық өкілеттігі бар. Өз тарапымнан, ірі бизнестің қайырымдылық ісін реттейтін арнайы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын.

Альбина Әшім, тілші:

Соңғы ескертуді елемеген бизнесмендерге қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз. Өткен аптадағы кәсіпкерлермен кездесуде аты аталған философ Гегельдің мынадай сөзі бар: «Өзгелер алдындағы міндеттер ішіндегі ең негізгісі: сөз бен істің рас болуы». «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезін қорытындылауға дәл келетін цитата. Былтыр үкімет «партия сайлауалды бағдарламасы бойынша жоспардың 74 пайызын орындады» деп есеп берген. Бірақ президент бұл есептің іс жүзінде де солай екеніне күмәнмен қарады. Сондықтан шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермей, «арық айтып, семіз шыққан» жөн, - деді. Ал сайлау алдындағы уәделердің қаншалықты орындалғанын білу үшін ревизия жасалуы тиіс. Партияның ұйымдастырушы құрылымы да өзгереді. Төрағаның бірінші орынбасары лауазымының орнына атқарушы хатшы қызметі ұсынылды. Айтпақшы, бұған дейін бірінші орынбасар болған Бауыржан Байбек партияның жаңа саяси кеңесінің құрамында жоқ. Тізімге Дариға Назарбаева мен Бақытжан Сағынтаев та кірмепті. Жалпы, өкілетті органның бұл жолғы құрамында басымдық мемлекеттік қызметкерлерге емес, азаматтық секторға берілген. Кеңес құрамы 55 пайызға жаңарған. Әйелдер мен жастар саны біршама артты. Президент ауқымды саяси реформалар пакетін күзде жариялайтынын ескерсек, Nur Otan-ға осы уақытқа дейін өзгеруге мүмкіндік берілген сыңайлы.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу