Басты Жаңалықтар Премьер-министр елдегі ең ірі электр станциясының құрылысымен танысты

Премьер-министр елдегі ең ірі электр станциясының құрылысымен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Түркістан облысында жаңадан салынып жатқан еліміздегі ең ірі газ электр станциясының құрылысымен танысты. Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба Түркістан облысы мен Шымкент қаласын қажетті электр энергиясымен толық қамтиды. Әрі оңтүстік өңірге қосымша қуат резервін құруға және энергия жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сайрам ауданында салынып жатқан газ электр станциясының құрылысы екі жыл бұрын басталған. Жобалық қуаттылығы мың мегаватты құрайды. Іске қосылғанда бу-газ қондырғысы технологиясы пайдаланылып, электр энергиясы өндіріледі. Қазір құрылыс алаңында мыңнан аса адам жұмыс істеуде. 150-ге тарта техника бар. Негізгі технологиялық жабдықтары шетелден толық жеткізілген. Жоба жыл соңында іске қосылса, 600-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылады.

Ұлан Бүркітов, «Түркістан БГҚ» ЖШС басқарма төрағасы:

Экологиялық жағынан тап осындай көмір электр станциясына қарағанда 2,5 есе көмірқышқыл газдардың имиссиялары төмен. Сондықтан да бұл экологияға да, осындағы өңірге де өте пайдалы нысан болады. Ол дегеніміз газ жанып болғаннан кейінгі ыссы ауа тағы суды қайнатып, ол судан тағы қосымша тағы 20 пайыз электр энергиясын аламыз.

Премьер-Министр Олжас Бектенов елімізде жаңа қуат көздерін іске қосу бүгінгідей энергияны көп қажет ететін экономиканы дамыту үшін қажет екенін атап өтті. Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, станцияны іске қосу өңірдегі қуат тапшылығын толығымен жабуға және ең жоғары жүктемелер кезеңінде энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне барлық төрт газ турбинасын іске қосу мерзімдерін сақтай отырып, экологиялық талаптарды орындауды және жобаны уақытылы жүзеге асыруды міндеттеді. Мұнан соң Премьер-Министр Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазарту және абаттандыруға қатысты. Ауыл тұрғындарымен ағаш көшеттерін отырғызды. Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысып, жастармен бірге бұлақ көзін тазартты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Өңір жақсы дамып келе жатыр. Біз де республика тарапынан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Бәрі сәтті болсын. Наурыз құтты болсын!  

Айта кетейік, өңір бойынша биыл 1,5 мыңға жуық бұлақ көзін тазарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениеті мен су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілмек.


Бөлісу