5000 адам «Ақбұлақ» әнін бір мезетте орындады
Еліміздің шығысында әлемдік рекорд орнады. Наурыз мерекесін тойлау кезінде домбырашылар бір мезетте ән айтып, бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркеді. Бұдан бөлек, облыс орталығында он ақшаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық ойындардан жарыс, театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.
Бекарыс Секен, тілші:
Шығыста биыл Наурыз мерекесі айрықша сән-салтанатпен басталды. Облыс орталығының бас алаңында бұрын-соңды болмаған көрініске көз тіктік. Себебі, мұнда 5 мыңға жуық домбырашы жиналып, күй күмбірлетті. Олар белгілі композитор Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін орындап, Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.
Әйгілі әнді асқақтата шырқауға жас та, кәрі де белсене қатысты. Алғашында туындыны орындауға 3 мың адам өтінім білдірген. Алайда соңғы күні қатысушылар қатары еселеп артқан. Шара барасында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та қолына домбыра алып, көпшілікпен бірге «Ақбұлақ» әнін орындады.
Іс-шараға рекордтар кітабының ресми өкілдері қатысты.
Арнайы бейнежазба түсіріліп, санақ жүргізілді. Таспаланған материал орталық
штабқа жіберілгеннен кейін көп ұзамай ресми жауап та келді.
Съезд Мұқанұлы, қала тұрғыны:
Осыған келіп, қатысып рекорд жаңартқанымыз үшін өте ризамыз. Өскеменде осындай рекорд орнатқанымыз үшін халыққа, қатысқан ұжымға рақмет айтамын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Құтты болсын.
Әннің жаппай орындалуынан кейін мерекелік бағдарлама жалғасты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындарды Наурызбен құттықтады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қадірлі жерлестер, әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін. Отбасыларыңызға амандық, құт береке бақ пен табыс тілеймін. Баршаңызды бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын. Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
Орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Биылғы мерекедегі тағы бір ерекшелік - жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Келушілер арнайы қосымша арқылы өз бейнесін тарихи форматта тамашалады. Осылайша, Төр Алтайдағы төл мереке жоғары деңгейде өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы