Алматыда бірлікті бейнелейтін арт-нысан ашылды
Алматыда ерекше арт-нысан бой көтерді. Сайран көлінің жағалауында орнатылған мүсін осыдан он жыл бұрын болған шынайы оқиғаға негізделген. Қоладан құйылған заманауи ескерткіштің демеушісі - «ForteBank». Адамгершіліктің нышанына айналған мүсін Үлкен Алматы өзенінің арнасына қойылды.
Абайсызда суға түсіп кеткен итті құтқару үшін кездейсоқ өтіп
бара жатқан адамдар тізбек құрып, бір-біріне қол созады. Мейірімге толы бұл сәт
әлеуметтік желілерде таралып, көптің жүрегіне жылулық сыйлаған.
Қоладан құйылған жаңа мүсін дәл осы көріністі бейнелейді. Заманауи үлгіде жасалған арт-нысан адамгершілік құндылықтарды дәріптейді, дейді жоба авторы.
Ербосын Мелдібеков, Мүсінші:
Бір жылдың ішінде «қалай жасауға болады?» деп көп ақылдастық. Өйткені, бұл өте қиын жер. Басқа елдердің мамандарын шақырдым. Әр мүсіннің ұзындығы 180 сантиметр, салмағы 80-90 келі.
Жоба «ForteBank» бастамасымен жүзеге асты. Ал композицияның басты ерекшелігі соңғы адамның қолы қоршаудан сыртқа шығарылған. Осылайша, әр адам қолын созып, игі істің, бірліктің бір бөлігі бола алады, дейді ұйымдастырушылар.
Антон Ким, «ForteBank» АҚ маркетинг бөлімінің басшысы:
Бұл арт-нысанды әзірлеу барысында біздің идеямыз бен мүсіншінің ойы бір арнаға тоғысты. Көмекке ұмтылу – адамдық қасиеттің биігі. Жағалаудағы қола ескерткіш осыдан он жыл бұрын болған сәтті айна қатесіз қайталап тұр. Мақсатымыз – қоғамға мейірімділік пен жанашырлықты дәріптеу.
Осылайша, Сайран жағалауында орнатылған жаңа арт-нысан қала тұрғындары мен қонақтарына тек көркем туынды ретінде емес, ізгілік пен игі істің белгісі ретінде ұсынылып отыр. Мұндай бастамалар қоғамда адамгершілік құндылықтарын нығайта түседі, дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы